Депутат педагог-ассистенттердің 16 сағаттық оқу жүктемесін бекітуді ұсынды

Депутат педагог-ассистенттердің 16 сағаттық оқу жүктемесін бекітуді ұсынды
Фото: видеодан скрин

Қазақстанда педагог-ассистенттердің аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін заңнамалық тұрғыдан нақты бекіту ұсынылды. Бұл мәселені Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың мәліметінше, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңға жуық бала тіркелген. Білім беру ұйымдарында оларға қолдау көрсететін 6,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді.

Алайда бұл мамандардың еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеу тәртібінде бірқатар мәселе бар.

«Қолданыстағы қағидаларда олардың лауазымдық міндеттері мен біліктілік санатына байланысты қосымша ақы қарастырылғанымен, апталық нормативтік оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажеттілігі сақталуда», – делінген депутаттық сауалда.

Айнагүл Балташеваның айтуынша, бұған дейін педагог-ассистенттердің еңбекақысын есептеу кезінде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған. Ал қазіргі нормативтік реттеудегі айқындықтың жеткіліксіздігі өңірлерде олардың жұмыс уақытын әртүрлі есептеуге әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты депутат Оқу-ағарту министрлігіне педагог-ассистенттердің 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін құқықтық тұрғыдан бекіту мүмкіндігін қарастырып, оның қаржылық негіздемесін әзірлеуді ұсынды.

Сондай-ақ баланы тікелей сүйемелдеуге жұмсалатын уақыт пен сабаққа дайындалу, мұғалімдермен бірлесіп жұмыс істеу және құжаттама жүргізу сияқты өзге кәсіби міндеттерді орындау уақытын нақты ажырату қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін енгізу ұсынылды.

Депутаттың пікірінше, педагог-ассистенттердің еңбек жағдайын реттеу олардың кәсіби тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыруға ықпал етеді.

Бұған дейін депутат Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты электрондық бақылауды күшейтуді ұсынған еді.