Қазақстанда жыл басынан бері мемлекеттік қолдау шараларының көмегімен мүгедектігі бар 10,8 мың адам жұмысқа орналасты. Олардың 5,1 мыңы тұрақты жұмыс тапқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жұмысқа орналасуға көмек сұрап, мансап орталықтарына мүгедектігі бар 29,5 мың азамат жүгінген. Олардың 18,2 мыңы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.
Нәтижесінде 10,8 мың адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 5,1 мың азамат тұрақты жұмысқа, 5,4 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына қабылданған. Атап айтқанда, 4 264 адам қоғамдық жұмыстарға, 367 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 495 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, 499 адам «Күміс жас» жобасына қатысқан.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтудың тағы бір тетігі – жұмыс орындарына квота белгілеу. Заңнамаға сәйкес, 50 және одан көп қызметкері бар ұйымдарға жұмысшылардың жалпы санының 2-4 пайызы мөлшерінде квота қарастырылған. Бұл ретте ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындары есепке алынбайды.
Биыл квота бойынша мүгедектігі бар 16 706 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Екінші тоқсанның қорытындысында осы тетік арқылы шамамен 6,2 мың азамат жұмыс тапқан.
Сонымен қатар 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектігі бар адамдарға арналған 47 арнайы жұмыс орны ашылған. Оның 25-і есту қабілеті, 12-сі көру қабілеті, 10-ы тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға арналған.
Мемлекет арнайы жұмыс орындарын ашқан жұмыс берушілерге жалақыны субсидиялау арқылы қолдау көрсетеді. Қазіргі уақытта бұл қолдау 235 қызметкерді қамтыған.
Кәсіптік даярлау және кәсіпкерлікті дамыту бағытында да қолдау көрсетіліп жатыр. Жыл басынан бері 243 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 639 азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, олардың 2 375-і сертификат алған.
Бұдан бөлек, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігі бар 578 азамат өз бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант иеленген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар азаматтардың еңбек нарығына қатысу мүмкіндігін кеңейту, кәсіби дағдыларын дамыту және жұмысқа орналасуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын хабарлады.
Бұған дейін eGov Mobile қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы іске қосылғанын жаздық.