Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру: жұмыс беруші нені білуі керек

Бүгін, 14:22
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру: жұмыс беруші нені білуі керек
Фото: Magnific.соm

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде өндірістік жарақаттану салдарынан 1 171 жұмыскер зардап шекті. Жыл басынан бері 282 жұмыскерді қамтитын 81 топтық оқиға тіркелген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Әр санның артында адам, оның денсаулығы мен еңбекке қабілеті, ал кей жағдайда тұтас отбасының әл-ауқаты тұр. Өндірістегі жарақат адамның уақытша немесе тұрақты еңбекке қабілетінен айырылуына, ұзақ уақыт емделіп, оңалтуына, дәрі-дәрмекке қосымша шығын жұмсауына, сондай-ақ еңбек табысының бір бөлігінен немесе толықтай айырылуына әкелуі мүмкін.

Сондықтан заңнамада жұмыскерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыру тетігі қарастырылған. Жұмыс беруші әр жұмысшыға алдын ала міндетті сақтандыру шартын жасасуға тиіс.

Сақтандыру шартының болуы зардап шеккендерге заңда көзделген сақтандыру төлемдерін алуға мүмкіндік береді. Ал қайтыс болған жағдайда, тиісті төлемдерді алуға құқығы бар адамдарға төлем жасалады.

Осы ретте сақтандыру шартының болмауы жұмыс берушіні жауапкершіліктен босатпайды. Егер жұмыскер сақтандырылмаған болса, жұмыс беруші тиісті шығындарды өз қаражаты есебінен толық өтеуге міндетті. Мұндай жағдайда емделу, оңалту шығындарын төлеу және жоғалған табысты өтеу мәселелері тікелей жұмыс берушіге жүктеледі. Кей жағдайларда жұмыскер немесе оның отбасы өз құқықтарын сот арқылы қорғауға мәжбүр болады.

Міндетті сақтандыру шартын жасамаған жұмыс берушілерге соңғы заңнамалық өзгерістермен қосымша міндеттер де жүктелген. Атап айтқанда, мұндай жұмыс беруші еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлемдерді де өз қаражаты есебінен төлеуге міндетті. Егер міндетті сақтандыру шарты болған жағдайда, бұл төлемдерді сақтандыру ұйымы төлер еді.

Демек, сақтандыру формальды талап немесе қосымша әкімшілік рәсім емес. Бұл – жұмыскерді қаржылай қорғауға арналған заңда белгіленген нақты тетік және жұмыс берушінің тәуекелдерін азайтудың маңызды құралы.

Сақтандырмау жұмыс беруші үшін әкімшілік жауапкершілікке, қомақты қаржылық шығындарға, сот дауларына және беделіне нұқсан келуіне әкелуі мүмкін.

Міндетті сақтандыру еңбек қатынастарының екі тарапының да мүддесін қорғайды: жұмыскер сақтандыру жағдайы туындаған кезде заңда көзделген қаржылай қолдауға ие болады, ал жұмыс беруші заңмен белгіленген міндеттерін орындап, ықтимал қаржылық және құқықтық тәуекелдерін азайтады.

Еске салайық, бұған дейін еңбек шарты жұмыскердің еңбек құқығын тиімді қорғаудың негізгі тетігінің бірі екенін жаздық.