Астаналық кикбоксшылар әлем кубогында сегіз медаль жеңіп алды

Бүгін, 14:48
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық кикбоксшылар әлем кубогында сегіз медаль жеңіп алды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Өзбекстан астанасы Ташкентте кикбоксингтен әлем кубогы өтті. Жарыс қорытындысы бойынша Астана спортшылары төрт алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Халықаралық жарысқа әлемнің 36 елінен 2 290 спортшы қатысты.

Ел намысын қорғаған елордалық спортшылар турнирде деңгейлерінің жоғары екенін көрсетіп, бірнеше жас санатында жүлделі орындарға ие болды.

2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында Айдар Сахибек «фулл-контакт» бағыты бойынша 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Ал К-1 бағыты бойынша 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Әмірхан Сафаралиев те алтын медаль иеленді.

Осы жас санатында «фулл-контакт» бағыты бойынша 81 келіден жоғары салмақта сынға түскен Сүйіндік Жұмабай мен «лоу-кик» бағыты бойынша өнер көрсеткен Евгений Ли қола жүлдегер атанды.

2012-2013 жылы туған спортшылар арасында Қазбек Жақсат «лайт-контакт» бағыты бойынша 32 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды.

2008-2009 жылы туған спортшылар арасында Ерсұлтан Амангелді «лоу-кик» бағыты бойынша жарыс жеңімпазы атанса, осы бағытта өнер көрсеткен Азизбек Әжелепесов күміс медаль иеленді.

Елордалық команда қоржынына тағы бір қола медальді 2010-2011 жылы туған спортшылар арасында «фулл-контакт» бағыты бойынша сынға түскен Мәдина Шымырова салды.

Еске сала кетейік, елордалық таеквондошылар Қатардағы турнирде төрт медаль жеңіп алды.