«Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау басталды
«Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат қабылдау 16 наурызда басталып, 16 қазанда аяқталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Іріктеу 13 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді. «Болашақ» стипендиясына құжат egov.kz порталы арқылы қабылданады.
Биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасына бірқатар жаңалық енгізілді.
Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері (I–III орындар) үшін «бакалавриат» санаты енгізілді. Сонымен қатар атом энергетикасы саласында мамандар даярлауға арналған жеке бағыт іске қосылып, «Жасанды интеллект» бағыты бойынша кәсіби тағылымдамаға бөлек санат бөлінді.
Биыл «Болашақ» бағдарламасына 635 стипендия бөлінді. Оның ішінде бакалавриат бағдарламасы бойынша – 20 стипендия, магистратура бағдарламасы бойынша – 400 стипендия, докторантура бойынша – 50 стипендия, тағылымдама бойынша – 165 стипендия.
«Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат қабылдау 16 наурызда басталып, 30 қазанда аяқталады. Конкурстық іріктеу 2026 жылғы 13 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді.
Оған өтінім қабылдау egov.kz порталы арқылы және Астанадағы Халықаралық бағдарламалар орталығының кеңсесінде жүргізіледі.