Астанада екі жүзден астам ассенизатор жүргізушісі жауапкершілікке тартылды

16 наурыз, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Астанада екі жүзден астам ассенизатор жүргізушісі жауапкершілікке тартылды
Фото: freepik.com

Елордада полиция абаттандыру ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігімен және «109» бірыңғай анықтама қызметімен бірлесіп, рейдтер жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, полиция қызметкерлері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталғалы бері елордада 83 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады.

Нәтижесінде 485 жүк және 239 ассенизатор көлігінің жүргізушісі жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде қоқысты заңсыз тастау, рұқсат етілмеген жерлерге ағынды суларды төгу, қоршаған ортаны ластауға байланысты басқа да заң бұзушылықтар басты назарда болған.

«Мәселен, Тұран даңғылы бойында 29 жастағы КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі нәжіс қалдықтарын нөсерлік кәріз жүйесіне төгіп, абаттандыру қағидаларын бұзған. Осындай құқық бұзушылыққа жол берген ұйым жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.

Шаралар ұйымдастыру барысында табиғатты қорғау заңнамасын сақтаудың маңызы туралы азаматтарға түсіндіру жұмыстары жалғасады.

Бұған дейін елімізде 60 мыңнан астам адамның эковолонтерлікке жұмылдырылғанын жаздық.