Елімізде 60 мыңнан астам адам эковолонтерлікке жұмылдырылды

Бүгін, 15:51
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елімізде 60 мыңнан астам адам эковолонтерлікке жұмылдырылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бүгінде Қазақстанда экологиялық волонтерлер қатары көбейіп келеді. 2024 жылы эковолонтерлікке 40 мыңнан астам адам қатысса, былтыр олардың саны 60 мыңнан асты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

«Өткен жылдан бастап Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Green Steppe: Әр қадамыңда экосаналылық» атты гранттық жоба басталды. Жоба «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүзеге асуда. Оның аясында сарапшылардың қатысуымен вебинарлар ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам адам қатысты. Сонымен қатар шамамен 1000 экоактивист арнайы әзірленген білім беру курсынан өтті», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, жыл басынан бері жоба аясындағы іс-шараларға 2 мыңнан астам волонтер қатысты. Биыл экологиялық волонтерліктің даму деңгейін талдауға бағытталған «Қазақстандағы эковолонтерлік – 2026» атты зерттеу жүргізу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, эковолонтерлікті дамыту аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, «10 жасыл күн» эко-челленджіне 2 мыңнан астам адам қатысып, 10 экологиялық тапсырма орындады. «Жас ағаш» акциясы аясында 10 мыңнан астам волонтер мен бизнес өкілдері бес ұлттық парк пен қорық аумағында 300 мыңнан астам ағаш екті. «Эко бақылау» жобасы шеңберінде 50-ден астам мониторингтік рейд ұйымдастырылды. Халықаралық World Cleanup Day акциясы барысында 4 мыңнан астам қатысушы 22 локацияда тазалық жұмыстарын жүргізді. «Таза Каспий – Clean Caspian» экологиялық бастамасына Қазақстан мен Әзербайжаннан 2 мыңнан астам волонтер қатысты. Олар үш жағалау аумағын тазартып, 3 тоннадан астам қоқыс жинады.

Бұл көрсеткіштер қоғамда экологиялық жауапкершілікке деген қызығушылықтың артқанын және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге деген ұмтылысты айқын көрсетеді.

Еске салсақ, Конституциялық комиссия жаңа Ата заңда волонтерлік қызмет мәртебесін бекітуді қолдады.