Референдум-2026

Астанада бүлдіршіндерге арналған «Таза Қазақстан – мейірімді жүрек» атты тәрбиелік-экологиялық іс-шара өтті

Астанада бүлдіршіндерге арналған «Таза Қазақстан – мейірімді жүрек» атты тәрбиелік-экологиялық іс-шара өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласының №58 «Өркен» балабақшасында «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» және «Қамқор» республикалық жобалары аясында «Таза Қазақстан – мейірімді жүрек» атты тәрбиелік-экологиялық іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Мерекелік бағдарлама көңілді спорттық эстафеталармен, қызықты ойындармен және жігерлі флешмоб биімен жалғасын тауып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Іс-шара аясында «Бақша өнімдері» атты қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары өз қолдарымен әзірлеген табиғи әрі экологиялық таза өнімдерін ұсынып, жәрмеңкеден түскен қаражаттың барлығы жануарларға арналған паналау үйіне көмек ретінде аударылды. Ал «Қалдықтан құндылыққа» атты шығармашылық көрмеде қайта өңдеуге болатын материалдардан жасалған түрлі қолөнер бұйымдары қойылып, балалар мен ата-аналардың ерекше қиялы мен шығармашылық қабілеттері көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Жас бағбандар» белсенділігі барысында бүлдіршіндер балабақша ауласында өсірілген көкөністерге күтім жасап, олардың пайдасы, еңбекке баулудың және табиғатты аялаудың маңызы туралы өз білімдерімен бөлісті. Балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі осы іс-әрекеттер арқылы айқын көрініс тапты.

«Біз балалардың бойында қоршаған ортаға ұқыпты қарау, жануарларға жанашырлық таныту, еңбекқорлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ ата-аналар мен педагогтердің бірлескен игі бастамаларын қолдау мақсатында осы іс шараны ұйымдастырып отырмыз», дейді балабақша меңгерушісі Гүлнұр Мырзаболова.

Іс-шараға балалар, ата-аналар және балабақша ұжымы белсене қатысып, ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етудің, табиғатты қорғаудың және қайырымдылық жасаудың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.