Ақтөбеде қиыршық тастар қажетті құжаттарсыз сатылған
Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті қиыршық тас сатумен айналысатын жеке кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Тексеру Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ақпараты негізінде жүргізілді.
Бақылау іс-шаралары барысында кәсіпкердің сәйкестікті растау сертификатынсыз 2,3 млн тонна көлемінде, жалпы сомасы 396,9 млн теңге қиыршық тасты сатқаны анықталды.
Назар аудара кету қажет, қиыршық тас негізгі құрылыс материалы және тұрғын үйді, әлеуметтік нысанды, соның ішінде мектеп пен мектепке дейінгі мекемені салуда кеңінен қолданылады. Осыған байланысты техникалық реттеу талаптарын сақтау құрылыс өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
«Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 415-бабының 1-тармағы 2) тармақшасына сәйкес 421 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Департамент Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады.