Елордада әскери қызметшілер Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
Бүгін - Ленинград блокадасы толығымен алынған күн. Соған орай елордада Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралардың бастауы.
Алдымен қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, соңыра әскерилер мен жиналған жұртшылық сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Ұлы Отан соғысы Қазақстан халқы үшін үлкен сынақ болды. Майданға 1 млн 200 мың қазақстандық жіберіліп, 600 мыңнан астамы ұрыс даласынан оралмады.
«Қазақстандық жауынгерлер Ұлы Отан соғысының барлық шайқасына қатысты. Брест қамалын қорғаудан бастап Рейхстагқа ту тігуге дейінгі сұрапыл шайқаста ерлік көрсетті. Ұлы Отан соғысының тарихында Ленинградты азат ету ерекше орын алады. Қала үшін болған қанды қырғын 900 күнге созылды. 1944 жылдың 27 қаңтарында Ленинград толығымен жаудан азат етілді. Қазақстан Неваның бойындағы қаланы қорғауға және азат етуге өлшеусіз үлес қосты. Ленинград түбінде Қазақстанда құрылған әскери бөлімдердің үштен бір бөлігі шайқасты. Осы ұрыста қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлова қаза тапты. Оның есімі мәңгілікке ұрпақтар жүрегінде және жадында сақталады», - деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс бойынша орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.
Шараға қатысқан генерал-майор Алсай Жұманов жеңіске жетуге жауынгерлермен қатар бүкіл халық жұмылып, көмек көрсеткенін атап өтті.
«Ұлы Отан соғысындағы жеңіске біздің халықтың сіңірген еңбегі орасан зор. Еліміз майданға тек әскери құрамаларды жіберумен шектелген жоқ. Соғысқа қажетті барлық заттармен, оқ-дәрілермен, киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етуден алдына жан салған жоқ. Жеңіс жолы қиын болғанын ешқашан ұмытпауымыз керек», - деді «Қарулы Күштер ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қаласы филиалының төрағасы авиация генерал-майоры Алсай Жұманов.
«1944 жылғы 14 қаңтарда Әлия Молдағұлова Ленинградты жаудан азат ету операциясы барысында теңдессіз ерлік көрсетіп, қаза тапқан. Бүгінгі жиын Ленинградты қоршаудан азат ету күніне, Жеңістің 80 жылдығы және Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл болуына байланысты өтіп отыр. Мұндай іс-шаралар келер ұрпақты батырларымызды құрметтеуге үйрету мен тарихымызды ұмытпауына ықпал етеді деп ойлаймын», - деді Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов.