Ұшатын дрон құрылғылар орман өртіне тосқауыл болу мүмкін
Елордадағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Әмина Ғұмырбек экологиялық дағдарысты шешуге арналған жоба ұсынды. Технологиялық бастама - FeuSol «Жарқын болашақ» экобекеттері деп аталады. Ол жаһандық өрт мәселесін шешуге бағытталған. Әуе құрылғысы жасанды интеллектпен байланысу арқылы орман қауіпсіздігін қадағалайды, деп хабарлады Elordainfo.kz тілшісі.
Әминаның мақсаты - табиғатты сақтауда заманауи технологияларды қолданудың тиімділігін көрсету.
«Қазіргі таңда әлемде көптеген экологиялық мәселе болып жатқаны белгілі. Оның шешімі ретінде Беймәлім ұшқыш нысан (НЛО) тәрізді, жасанды интеллектпен байланысқан «FeuSol» дрондарын ойлап таптым. Бұл технология адам өміріне еш зиянын тигізбейді, керісінше экологияның жаңа сатыға көтерілуіне жетерліктей үлес қосады. Қоршаған ортаға көмек қолын созу, таза қоршаған орта және көркем табиғат әсемділігін сақтау біздің парызымыз», - дейді ол.
Оқушы ұшу құрылғысының төрт түрін ойлап тапқан. Олар түтін датчигі, камера, күн энергиясын алатын панельдер, чип, GPS, жасанды интеллект стансасы, герцтік радиодан құралған.
«Paanee-FeuSol» – қызыл және қара түсті, үлкен көлемді дрон. Оның ішінде құрылғыны басқаруға мүмкіндік беретін адамға арналған арнайы кеңістік бар. Авиациялық құрал орман рельефінің үстімен қозғалып, борттағы өрт сөндіргіш материалдарды пайдалану арқылы өртті жояды. Оның ішінде көбік, су немесе құм сияқты материалдар бар.
Екіншісі жасыл түсті «Safe-FeuSol» – орман, қорық, саябақ және басқа да демалыс аймақтарындағы қауіпсіздікті сақтауға арналған ерекше дрон. Ол жоғалған адамдарды табу, қауіпсіздік ережелерін бұзушыларды анықтау, жануарларды бақылауға арналған.
«Орманның басым бөлігі жаз мезгілінде ауа райы ыстық, желді болғанда өртенеді. Онымен қоса тұтану себебіне адамдардың бейжайлығы жатады. Көптеген адам демалыстан кейін ашық отты қалдырып кетеді. Бұл үлкен экологиялық зардаптарға әкеледі. Өкінішке қарай, бұл проблемалар өздігінен жойылмайды және оларды шешу қажет», - дейді экобелсенді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, соңғы бес жылда орман өрті 2,2 есе өскен. Соңғы үш жылда 2251 орман, 319 дала өрті тіркелген. Ең көп апат Шығыс Қазақстан облысында болған.
Өртті алдын алудан бөлек, Әминаның «Wi-Fi-FeuSol» атты құрылғысы алдағы уақытта шағын аймақтарға интернет желісін таратуды көздейді. Бұл дрондар ауылдық жерлерде, саябақтарда және адамдар көп жиналатын орындарда сымсыз байланыс қажеттілігін қамтамасыз етеді.
Жас табиғат сақшысы тіпті қоқыс өндеу мәселесін де назарсыз қалдырмаған.
«Bin-FeuSol» – инновациялық қоқыс жәшігі, ол қоқысты өңдеу процесін автоматтандыру арқылы экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Қоқыстың қандай материалдан жасалғанын анықтап, оны тиісті ұяшыққа жібереді. Қажетті мөлшердегі қоқыс жинақталған кезде тұтынушы базадан сыйлық ала алады. Бұл адамдарды тәртіпке келтіреді», – дейді оқушы.
«FeuSol» жобасы Қазақстанның экологиялық дамуына елеулі үлес қосуға қабілетті. Жобаның басты артықшылығы - оның көпфункционалдығында. Өрт сөндіруден бастап қоқысты өңдеуге дейінгі әртүрлі маңызды міндеттерді орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жүйе қышқыл жаңбыр, су тапшылығы, құнарсыздық, өрт жиілігі секілді экологиялық проблемаларды алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Әмина жобасының ғаламдық экологиялық мәселелерді шешіп, экотуризмнің дамуына ықпал ететініне сенімді.
Ақбаян АРАПШАЕВА,
Мақсұт Нәрікбаев университеті
Журналистика: аналитика және зерттеу факультетінің 4-курс студенті