Азия чемпионы атанған астаналық боксшы елге оралды

13 тамыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views123
Азия чемпионы атанған астаналық боксшы елге оралды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана жұртшылығы Бангкок қаласында өткен бокстан жастар арасында Азия чемпионы атанған Темірлан Мұқатаевты сән-салтанатпен қарсы алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

90 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Темірлан Мұқатаев ақтық бәсекеде өзбекстандық боксшы Шохрух Абдумаликовпен күш сынасып, тартысты жекпе-жекте 3:2 есебімен жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанды.

«Бұл жеңіс – мен үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлкен қуаныш. Елдің туын биікте желбірету – әр спортшының арманы. Маған сенім артқан жаттықтырушыларыма, жанкүйерлеріме және қолдау білдірген барша қазақстандықтарға алғысым шексіз. Бұл тек бастамасы, алда әлі талай жеңістер күтіп тұр!» - деді Азия чемпионы Темірлан Мұқатаев.

Чемпионатта ел намысын абыроймен қорғаған тағы бір спортшымыз – Ақбота Есімбекова. Ол қыздар арасындағы бәсекеде қола медаль жеңіп алып, қазақстандық команданың қоржынына үлес қосты.

Айта кетерлігі, бұл – World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өткізілген алғашқы құрлықтық біріншілік. Дүбірлі додаға 26 елден 400-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Бұған дейін Темірлан Мұқатаев 5 мәрте Қазақстан чемпионы атанып, 4 рет Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алғанын атап өткен жөн.