Азия чемпионатында топ жарған елордалық гимнасшылар елге оралды


Бүгін елордаға Сингапур қаласында өткен көркем гимнастикадан Азия чемпионатына қатысып, ел мерейін асқақтатқан Астана қаласының спортшылары оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жеңімпаздарды «Нұрлы жол» теміржол вокзалында №1 Балалар-жасөспірімдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Қуат Тілегенов, ата-аналар, жанкүйерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ыстық ықыласпен қарсы алды.
Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғаған гимнасшылар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, астаналық спортшылар байрақты бәсекеде барлығы 11 медаль иеленді: 5 алтын, 4 күміс және 2 қола жүлде.
Азия чемпионы Айбота Ертайқызы жарыс қорытындысы туралы өз әсерімен бөлісті:
«Азия чемпионаты, меніңше, өте жақсы өтті. Біздің команда тамаша нәтиже көрсетті. Бұл жолы да қарсыластарымның деңгейі жоғары болды – Қытай, Өзбекстан, Жапония спортшыларының шеберлігі мықты. Соған қарамастан біз бар жаттығуды қатесіз орындауға тырыстық», – деді ол.
Айта кетейік, Азия чемпионатына 19 мемлекеттен 100-ден астам спортшы қатысты. Осындай ауқымды додада топ жарған елордалық гимнасшылар ел абыройын асқақтатты.



