Астаналық жас хоккейшілер беделді турнирде күміс жүлдеге ие болды

5 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық жас хоккейшілер беделді турнирде күміс жүлдеге ие болды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астаналық жас хоккейшілер командасы алғаш рет Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament халықаралық турниріне қатысып, AA-Elites (11-12 жас) санатында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

65-ші халықаралық Pee-Wee хоккей турниріне 16 елден 120 үздік команда қатысты. Турнир Канаданың Квебек қаласында өтті.

«Астана қаласында дайындалдық. Біз осы беделді турнир тарихына енгенімізге өте қуаныштымыз. Бұл – біз үшін алғашқы тәжірибе және өз командамызбен мақтанамыз. Ең есте қалған сәт – финалдық ойын, оны 12 мың көрермен тамашалады», – деді команданың бас бапкері Владимир Захаров.

Айта кетейік, бұл турнирге Астана қаласы әкімдігіне қарасты №10 балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.

Канаданың Pee-Wee Hockey Tournament халықаралық турнирі 1960 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және 12 жасқа дейінгі хоккейшілер арасындағы әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі болып саналады.