Жолаушы тасымалдаушыларға қойылатын талаптар күшейтіледі - Табиғат Зейнұлқабден


Бүгін Бас жоспар кеңсесінде өткен көшпелі отырыста Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарламасы талқыланды. Бұл туралы Астана қаласы мәслихаты төрағасы Табиғат Зейнұлқабден өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутаттық корпус қатысуымен әзірленген бағдарлама қаладағы көлік жүйесінің барлық элементтерін қамтиды: қоғамдық көлік, тұрақ орындары, жүк логистикасы, интеллектуалды көлік жүйесі, такси қызметі және басқа да аспектілер.
«Жиында экологиялық тазалыққа, жол қауіпсіздігіне және жолаушылардың жайлылығына ерекше назар аудару қажет екені айтылды. Себебі қаладағы автокөлік саны қарқынды өсіп келеді және жақын уақытта, қалаға келетін көліктерді есепке алғанда, бір жарым миллионға жетуі мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, IKomek қызметіне келіп түсетін шағымдардың басым бөлігі қоғамдық көлік жұмысына қатысты. Осы мәселені шешу үшін тасымалдаушыларға қойылатын талаптар күшейтіледі», - деп жазды ол.



