«Елордадағы автобустардың қозғалыс интервалы – 12 минут»: CTS өкілімен сұхбат


Көлік қызметі алысты жақын етіп, адамдардың өміріне жайлылық әкеледі. Ал мұның бәрі көлік қызметкерлерінің сапалы және үздіксіз қызметінің арқасында қолжетімді болады. Бұл тұрғыда күнделікті жолаушылардың толассыз нөпірін тасымалдайтын қоғамдық көліктердің атқарар міндеті зор. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі астаналықтардың жайлы әрі жедел қоғамдық көлікпен қатынауын қамтамасыз ететін City Transportation Systems ЖШС өкілімен сұхбаттасты. Аталған мекеменің басқарма төрағасының орынбасары Жанат Бижанов елордадағы қоғамдық көлік қызметінің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып берді.
- Жанат Жамалыұлы, бүгінгі күні қала тұрғындарының қанша пайызы қоғамдық көлік қызметін пайдаланады?
- Аталған көрсеткіштің орташа тәуліктік мәні қазіргі уақытта шамамен 1 миллион сапарды құрайды, ал бірегей пайдаланушылардың үлесі – 32%. Бұл көрсеткіш жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Мұндай өсім бағдарлар санының, желіде жүрген автобустардың артуы және жалпы маршруттық желінің дамуы есебінен қамтамасыз етіледі.
- Ал автобустардың саны мен сапасы қаншалықты артты?
- Бүгінгі таңда мекемеге қарасты 1644 автобус қызмет көрсетеді. Оның ішіндегі 688-і - жаңа, заманауи автобустар болса, 956-сы ескі автобустар. Жылдың басынан бастап автопарк 23 жаңа автобуспен толықтырылды, осылайша, қазіргі уақытта автопаркті жаңарту деңгейі шамамен 41,8%.
Жыл соңына дейін 435 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде көлік паркін тағы 26,5%-ға жаңартуға мүмкіндік береді.
Аталған техника жеткізілгеннен кейін, жалпы жаңарту деңгейі шамамен 68,3%-ға жетеді.
Қоғамдық көлік қызметінің сапасы мен жолаушылардың жайлылығын арттыру мақсатында автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары одан әрі де жалғаса беретін болады.
- Eлорда тұрғындарын тасымалдауда қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау үшін не істеліп жатыр?
- Астана қаласында тұрғындарды жайлы әрі қауіпсіз тасымалдау үшін, ең алдымен, жоғарыда айтып кеттік, автопарк жаңартылып жатыр. Қалада экологиялық таза жүретін жаңа автобустар сатып алынды. Бұл экологияны жақсартуға және шу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, зияткерлік көлік жүйесі енгізіліп отыр. Ол заманауи технологиялар қоғамдық көлікті диспетчерлеу, қозғалысты бақылау, автобустардың келу уақыты мен қозғалыс аралығын қадағалауға мүмкіндік береді.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында қоғамдық көлікке арналған BusLane арнайы жолақтары, жаңа аялдамалар, бағыттаушы белгілер орнатылып жатыр.
Басты назарда - қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда автобустар бейнебақылау жүйелерімен, жүргізушіні бақылау құрылғыларымен жабдықталған. Ал көліктердің техникалық жағдайы тұрақты түрде бақыланады.
Қоғамдық көліктердегі жайлылық пен қолжетімділікті де ұмытуға болмайды. Сондықтан байқаған болсаңыз, жаңа автобустардың едені төмен келеді, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған пандуспен, кондиционермен және аялдамаларды автоматты түрде хабарлайтын жүйемен жабдықталған.
Әлбетте мекеме тұрғындармен кері байланысқа немқұрайлы қарамайды. Елордалықтар кез келген уақытта 109 iKomek орталығы, әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы көлік қызметі туралы ұсыныс-пікірлерін жолдай алады және оперативті ақпарат ала алады. Жазғы мезгілде жол жөндеуіне қатысты өзгерістер, яғни осыған байланысты бағдарлардың сызбасына қатысты өзгеріс көп болса, қыс мезгілінде ауа райына байланысты өзгерістер болады. Әсіресе, бұл қала маңы бағдарларына қатысты. Мұндайда жолаушыларға күні бұрын ескертіп, хабардар етіп отырамыз.
- Талап бойынша қоғамдық көліктің орташа жылдамдығы мен қозғалыс арақашықтығы қандай болуы керек?
- Бүгінгі күні елордадағы қоғамдық көліктің орташа эксплуатациялық жылдамдығы шамамен 18 км/сағ құрайды, ал маршруттардың қозғалыс интервалы 12 минутқа дейін. Қаланың қарқынды құрылысы, жеке көліктер санының жыл сайын артуы және елорданың ұлғаюын ескерсек, бұл көрсеткіштер оңтайлы деп есептелінеді.
Сонымен қатар қоғамдық көліктің қозғалыс жылдамдығын арттыру және оның интервалын қысқарту бойынша жұмыстар тұрақты түрде жалғаса беретін болады.
- Мекеменің цифрландыру бағытында да қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Осыған қатысты CTS базасындағы көлік басқарудың бірыңғай орталығы жұмысының тиімділігі неде деп ойлайсыз?
- Бұл, ең алдымен, барлық автобустарды онлайн қадағалауға мүмкіндік береді. Қаладағы әрбір автобус GPS арқылы нақты уақыт режимінде бақыланады.
Ал біріктірілген ақпарат базасында жүйедегі барлық автобус бағыттары, жүргізушілер, аялдамалар және кестелер жайлы толық мәлімет бар.
Цифрлық жолаушы сервисіндегі Avtobys мобильді қосымшасы арқылы жолаушылар автобус қай жерде келе жатқанын, қанша минутта келетiнiн нақты көре алады.
Жалпы орталықта жиналған мәліметтер қоғамдық көлікті жоспарлауда, маршруттарды оңтайландыруда және қызмет сапасын арттыруда қолданылады.
- Жолаушылардың қауіпсіздігі ең алдымен жүргізушінің біліктілігіне байланысты. Мекемеде тәжірибелі жүргізуші жеткілікті ме?
- Өкінішке қарай, жүргізушілердің тапшылығы әлі де қалалық жолаушылар тасымалы саласындағы негізгі проблемалардың бірі болып отыр. Тасымалдаушылардың деректері бойынша қазіргі таңда кадр тапшылығы шамамен 1000 жүргізушіні құрайды.
Кадрлық тапшылықтың себептері жоғары жүктеме, қоғамдық көліктердегі біліктілік пен жұмыс ерекшеліктеріне қойылатын талаптармен байланысты. Осыған байланысты D санатындағы жүргізушілерді қалалық көлік маршруттарындағы жұмыс жағдайларына кәсіби даярлаумен және бейімдеумен айналысатын көлік мамандарының біліктілік орталығының қызметі ерекше маңызға ие.
Елордада CTS базасында 2014 жылдың мамыр айында ашылған көлік мамандарының біліктілік орталығы жұмыс істейді. Оның басты міндеті – көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби даярлығы мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету.
Орталық өз қызметі барысында түрлі бағдарламалар бойынша 24 мыңнан астам маман оқытып, қайта даярлады.
Сонымен қатар орталық жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесін пайдаланушылардың консультанттарын, такси жүргізушілерін және қалалық жолаушылар тасымалы саласында жұмыс істейтін басқа да мамандарды оқытуды жүргізеді.
Орталықтың жұмысы қаладағы көлік қызметтерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, бұл әсіресе сервис деңгейіне және қызметкерлердің кәсіби даярлығына қойылатын үнемі өсіп келе жатқан талаптар жағдайында өзекті.
- Қаладағы қоғамдық көлік қызметін қалай бағалар едіңіз?
- Жалпы Астана қаласындағы қоғамдық көлік қызметі жақсы дамыған дер едім. Өйткені жыл сайын 300 су жаңа автобус сатып алынады. Қаланың өсуіне байланысты біз де жаңа бағдарларды іске қосамыз. Оған қоса елордадағы төлем жүйесі жақсы дамыған. Қалада 7 санаттағы азаматтар жеңілдікпен, нақты айтқанда автобустармен ақысыз жүреді. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі жолаушыларымыз ақысыз жүреді. Оларға қойылатын бір ғана талап бар, ол автобус ішінде валидация жасау. Оның үстіне, қазір виртуалды тариф қосылғалы, бала ересек жолаушылар секілді телефоны арқылы QR-кодпен валидация жасайды. Көлік картасын не виртуалды тарифті орталық кассалардан, ал жай көлік карталары қажет болса, оны iStop автобус аялдамаларынан да сатып алуға болады.
- Сұхбатыңызға рақмет!