Жасанды интеллект жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетеді - елордалық ұстаз
Бүгін Астанада өткен тамыз форумында жасанды интеллект технологияларының мәні мен маңызы жан-жақты талқыланып, білім беру жүйесінде цифрлық технологияларды қолданудың озық тәжірибелері көрсетілді, деп хабарлады Elorda.info.
№91 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Әйгерім Бауыржанқызы пәндік оқытуда ұлттық құндылықтар мен жасанды интеллектіні біріктірген тәжірибесі туралы айтып берді.
«Ұлттық құндылықтарымызды ескере отырып жасалған біртұтас тәрбие бағдарламасы ел тұтастығын нығайту, әділетті қоғам құру және білімді ұрпақ тәрбиелеуді көздейді. Мен жасанды интеллектіні қолдана отырып, ұлттық құндылықтар арқылы оқушының пәндерге, салт-дәстүрімізге қызығушылығын арттырып, жақсы нәтиже көрдім»- деді мұғалім.
Ол сабақ барысында оқушылармен бірге жасанды интеллект көмегімен Париж Одимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің жеңімпаз атанған сәтіндегі жүрек қағысын анықтапты.
«Бұл жерде спортшымыздың физиологиялық тұрғыда жүрек соғу жиілеп, адреналині артады. Қан қысымы жоғарылайды. Ал сезіміне келсек, еліне, жеріне деген құрметі мен қуаныш, мақтаныш сезімі кеудесін кернеп тұр. Яғни ата-бабаларымыз айтқандай, «Күш білекте ғана болмайды, үлкен күш жүректен шығады», - деп бөлісті жас маман.
Биология пәнінің мұғалімі сабақ барысында жүрек соғу жиілігін оқушыларға жасанды интеллект қосымшасы арқылы тыңдатқан.
«Тыныш және әртүрлі эмоцияға толы бейнеролик көрсету арқылы олардың эмоциясын көрдік. Мәселен, өз елінен жыраққа кеткен адамдардың еліне сағынышпен оралған сәттен бейнероликтерден үзінді көрсеттім. Кейін олар жасанды интеллект қосымшасы арқылы жүрек соғысын анықтайды. Мәліметтер жинай келе, неге жүрек соғысының жиілігі артқанын немесе қалыпты болғанын анықтап, қорытынды жасайды» - деді ұстаз.
Оның айтуынша, жасанды интеллект адам даналығы мен дәстүрлерді алмастырмайды.
«Бірақ ұстаз үшін көмекші құрал ретінде жұмысты жеңілдетеді, уақытты үнемдейді. Сондай-ақ білім алушыларды оқу процесіне тартады және оларды қызықтырады. Қазіргі таңда жасанды интеллект - жаңашылдық емес. Керісінше өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуда. ЮНЕСКО мәліметтері бойынша әлемде мектептердің 10 пайызы ғана жасанды интеллектпен жұмыс істейді» - деп сөзін түйіндеді педагог.
Сөз соңында ол әріптестерін жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі.