V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты қайда өтеді
13 қыркүйек күні сағат 16:00-де Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпелі халықтардың этникалық спорты мен мәдени мұрасын насихаттау мақсатында құрылды. Алғашқы ойындар 2014 жылы Чолпон-Атада (Қырғыз Республикасы) өтті. Содан бері көшпелілер мәдениетінің жаһандық маңызын айқындаған шара екі жыл сайын өткізіліп келеді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты барысында Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары құрметіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары және танымал қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Қарақат Әбілдина, Қайрат Баекенов, Гүлсім Мырзабек, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары: Марат Айтымбай, Мади Сыздықов және т.б. өнер жұлдыздары танымал эстрадалық әндер мен халық композиторларының шығармаларын орындайды.
Бұдан басқа, «Наз» мемлекеттік би театры және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы, «Қамбарқан» фольклорлы-этнографиялық ансамблі (Қырғыз Республикасы) және «Меломен» тобы қатысады.
Мерекелік шара аясында ұлттық бірліктің, ізгілік пен мейірімділіктің мәні мен маңызын ашып, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын кеңінен дәріптеу көзделіп отыр.