Тұтынушылардың құқын қорғау мақсатында жыл басынан бері жоспардан тыс 6 тексеру жүргізілді
Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында ішкі нарықты сапасыз өнімдерден қорғау мәселесі талқыланды, деп хабарлады Elorda.info.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысының айтуынша, құзырлы орын ағымдағы жылы 6 айдың қорытындысы бойынша 6 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Сондай-ақ прокуратурамен 7 бірлескен тексеру ұйымдастырылды. Бұған қоса 5 270 220 теңге сомасына 9 әкімшілік айыппұл салынған, оның ішінде 4 162 620 теңге өндіріліпті.
«Субъектіге бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу мақсатында 115 субъектіге бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар берілді. Төрт субъектіге техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығаруға тыйым салу туралы қаулы берілді. Сондай-ақ сәйкестікті растайтын 80 құжаттың күші жойылды. Бұдан басқа екі субъектіге ҚР ӘҚБтК 826-бабының тәртібімен әкімшілік құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы жеке ұсынымдар шығарылды», - деді департамент басшысы Рүстем Айменов.
Спикер, сондай-ақ, қолданыстағы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң қоғамдық бірлестіктерге қандай мүмкіндіктерді беретінін атап айтты.
Олар: тауардың тұтынушылық қасиеттерін зерттеу; тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге бастамашылық жасау; өнімнің сапасы туралы қоғамдық пікірді анықтау үшін халыққа сауалнама жүргізу; тауардың сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органдарға жүгіну; тұтынушылардың мүддесі үшін сотқа талап қою және өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін зерттеу нәтижелері туралы ақпаратты тарату.
«Сонымен қатар, осы функцияны іске асыру кезінде қоғам белсенділері тауарды сату орындарына барған кезде жасалатын барлық әрекеттерді, яғни фото, аудио, бейнетіркеуді қолдануға құқылы. Бүгінгі таңда ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет басшысы қойған басты міндет болып табылады», - деді ол.