«Таза Қазақстан»: елордадағы «Жастар» саябағында экологиялық акция өтті

7 тамыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
«Таза Қазақстан»: елордадағы «Жастар» саябағында экологиялық акция өтті
Фото: Ришат Иркабаев

Елорданың «Жастар» саябағында Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен және «Жасыл ел» жобасының белсенді жастарының қатысуымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық акция ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл акция қаламыздың экологиялық жағдайын жақсарту, саябақтарды таза ұстау және әрбір тұрғынның өз ауласында тазалық пен тәртіпті ұстануға саналы көзқараспен қарауын қалыптастыру мақсатында өтті.

Іс-шараға Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден қатысып, «Жасыл ел» жобасының қатысушыларына алғыс білдірді.

«Қоршаған ортаны қорғау біздің баршамыздың міндетіміз деп ойлаймын. Бүгінде «Жасыл ел» жобасына еліміздің барлық өңірінен жастар қатысып жатыр. Елордалық жоба қатысушылары мамыр айынан бері өткен түрлі экологиялық акцияларға, қаланы көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысып келеді. Қаламызда осы уақытқа дейін бірнеше жаңа саябақ пен гүлзарлар ашылды. Ал ол жерлерді таза ұстау, жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары тұрақты жүргізілуі қажет. Бұл жұмысқа осы жобаның қатысушылары көмектесіп келеді, сол үшін жастарға алғысым шексіз», - деді Табиғат Зейнұлқабден.

Акция барысында Астана қаласы мәслихатының төрағасы жастармен бірге жасыл желектерді суарып, кейін олармен кездесу өткізді.

«Жасыл ел» жобасының белсенділері мәслихат төрағасына өз сұрақтарын қойып, келесі жылы жобаға қатысушылар санын арттыруды ұсынды.

«Тамыз айынан бастап «Жасыл ел» бағдарламасында жұмыс істеп келе жатырмын. Бұл жоба туралы әлеуметтік желі арқылы біліп, жазғы демалыс уақытымды пайдалы өткізуді шештім. Сонымен қатар осындай акцияларға қатысып, қаламыздың таза және әдемі болуына үлесімді қосқым келді. Бұл бағдарламаның жастарға беретін пайдасы көп деп ойлаймын. Тіпті табыс табуға мүмкіндік береді», - дейді жоба қатысушысы Кәусар Ерғалиева.

Сонымен қатар саябақта Абай Құнанбайұлының туған күніне орай жастар арасында кітап алмасу акциясы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, биыл «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымы өтіп жатыр. Осы жоба аясында елордада 14-тен 35 жасқа дейінгі 5 200-ден астам жас жұмыспен қамтылды.

Олар қаламыздағы құрылыс нысандары мен қала саябақтарында, әлеуметтік мекемелер мен мектептердің аумақтарында, сондай-ақ қала саябақтары мен көгалдандыру жұмыстарында белсенді түрде қатысып келеді.