«Таза Қазақстан»: Астанада қоршаған ортаны ластағандар жауапқа тартылды


«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталғалы полиция қызметкерлері 55 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қоқысты заңсыз тастау, рұқсат етілмеген жерлерге ағынды суларды төгу, қоршаған ортаны ластауға байланысты басқа да заң бұзушылықтар басты назарда болды.
Акция басталғалы бері 630 жүк және ассенизатор көлігінің жүргізушісі жауапкершілікке тартылды.
Рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде қоқыс төгу фактілері тіркелді. Одан бөлек өндірістік база аумағында қалдықтарды жинақтау фактісі анықталды.
Профилактикалық шаралар шеңберінде:
- Астана қаласы әкімдігімен және «109» Бірыңғай анықтама қызметімен бірлесіп рейдтер жүргізілуде;
- Рұқсат етілмеген қоқыс тастау орындарын анықтау бойынша рейдтер;
- Жеке және заңды тұлғалармен түсіндіру жұмыстары;
- Қалдықтарды тек арнайы белгіленген жерлерге төгу қажеттігі туралы ақпараттық ескертулер тарату;
- Қоғам белсенділерімен бірлесіп тазалық акцияларын өткізу.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, тазалық пен тәртіпке үлес қосуға және қоршаған ортаға ұқыппен қарауға шақырады.