«Таза Қазақстан»: Астанада есірткі жарнамасы бар граффити жойылды
Астанада өткізілген кезекті акция барысында полицейлер мен еріктілер Байқоңыр ауданындағы есірткі жарнамасы бар граффитиді бояды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, акцияға Байқоңыр ауданы әкімдігінің, жергілікті полиция қызметі басқармасының, Қаланың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қатысты.
Акцияның мақсаты осындай бұзушылықтарды жою ғана емес, сонымен қатар қала мүлкіне ұқыпты қараудың және көшелердегі тазалықты сақтаудың маңыздылығына жұртшылықтың назарын аудару болды. Тыйым салынған заттарды жарнамалау қаланың эстетикалық көрінісін бұзып қана қоймай, жастарға қауіп төндіреді, оларды заңсыз әрекеттерге итермелейді.
Заңсыз жарнаманы бояу бойынша кезекті акция Янушкевич көшесі, 2-ден басталып, Байқоңыр ауданының бірқатар көшесін қамтыды.
«Біз осындай акияларды тұрақты негізде өткіземіз. Акция Астана тұрғындары арасында кең ауқымды пікірге ие болды және көптеген адам алдағы уақытта қалалық кеңістікті жақсарту жөніндегі іс-шараларға қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Өкінішке қарай, заңсыз граффити мен жазулар, әсіресе есірткі жарнамасы қаланың сыртқы келбетін бұзып қана қоймай, жастар мен жалпы қоғамға қауіп төндіреді», - деді «Астана жастары» ЖРО қызметкері Сұлтан Өмірғалиев.
Есірткі құралдарының жарнамасын жою бойынша акциялар елорданың барлық ауданында өтеді және жыл соңына дейін жалғасады.