Шойын жолдың бойындағы 20 жылғы еселі еңбек: Шолпан Әбілбекова «Құрмет» орденімен наградталды


Бүгін Президент Ақордада көлік саласының қызметкерлерін марапаттады. Олардың арасында теміржол саласында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан, «ҚТЖ – Жолаушылар локомотивтері» ЖШС-нің бағыт басшысы, Астана тұрғыны Шолпан Әбілбекова бар, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«ҚТЖ – Жолаушылар локомотивтері» ЖШС-нің бағыт басшысы Шолпан Ақылбекқызы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Шойын жолдың бойында 20 жылдан астам еңбек сіңіріп, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби маман үш бірдей жоғары оқу орнын тәмамдаған.
Ол бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, «Тұран» университетін және АҚШ-тағы Brock University оқу орнында білім алып, экономика саласындағы PhD дәрежесін иеленген.
Шолпан Әбілбекова теміржол саласындағы алғашқы еңбек жолын 2001 жылы бастаған. Қажырлы қызметкер директор орынбасарының көмекшісінен бастап бірқатар негізгі бөлімшелердегі топ-менеджерге дейін сатылай өрледі. Кейін маркетинг бөлімінің бастығы, директордың орынбасары, қаржы директоры лауазымдарына дейін көтерілді.
Атап айтсақ, ол «Локомотив сервис ТЧ-28» ЖШС-і, «Локомотив» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясының филиалы директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі атқарушы директоры болып қызмет етті.
Марапат иесі 2020 жылдан бастап күні бүгінге дейін «ҚТЖ – Жолаушылар локомотивтері» ЖШС-нің адами ресурстарды басқару және құжат айналымы департаментінің директоры болып жемісті қызмет етіп келеді.
Шолпан Ақылбекқызының жылдар бойғы адал және еселі еңбегі үшін «Құрметті теміржолшы», «ТҮРКСІБ-90», «Адал еңбегі үшін» төсбелгілері, «Қазақстан темір жолына 25 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына», «Қазақстан теміржолына 100 жыл», «Қазақстан теміржолына 110 жыл» медальдары және «ҚТЖ» ҰК» АҚ дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» құрметті марапатына ие болған.
Бүгін майталман маман үшін тіпті ерекше күн болды. Ол Президенттің қолынан «Құрмет орденімен» марапатталды.