Сарыарқа ауданында 27 аула абаттандырылып жатыр
Елордада қалалық мәслихат депутаттары Сарыарқа ауданындағы аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді аралады, деп хабарлады Elorda.info.
Депуттатық топтың құрамында Астана қалалық мәслихаты депутаттары Кендебай Адамбеков, Мәдина Әжікенова, Ерлан Дәкенов, Бекзат Жолжақсынов, Жанаргүл Қүлмагамбетова, Арсланбек Мағзұм, Бауыржан Смайылов, Ғабит Тәжімұратов болды.
Бұл жолы депутаттар Сарыарқа ауданындағы Қосшығұлұы, Әуезов, Дүкенұлы көшелері, Жеңіс даңғылы мен «Агрогородок», «Көктал» тұрғын үй алаптарындағы аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді аралап, құрылыс жұмыстарының жай-жапсарымен танысты.
-Сарыарқа ауданы бойынша 27 аула мен 3 қоғамдық кеңістікті жыл соңына дейін абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні 10 аула және 2 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жалпы, ауданда 580 аула орналасқан, - деді Сарыарқа ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімінің басшысы Азамат Машенов.
Аралау жұмысы Сарыарқа ауданының Қосшығұлұлы көшесінен басталды. Бұл алаңда бұдан бұрын тасжол болған, қазір оның орнына қауіпсіз резеңке жабынды төселген. Ал саяжолда бұрын құм болған болса, қазір төсемтас төселген.
-Сонымен қатар, футбол алаңының металы жаңартылды. Газон жабындысымен жабылды. Міне, қазір балалар футбол ойнап жатыр. Баскетбол алаңы да бар. 300 шаршы метр саяжол жасалды. Жарықтандыруға арналған 3 бағана қойылды, - деді жоба мердігері «Жол құрылыс НС» ЖШС компания басшысының орынбасары Айбек Сабырұлы .
Әуезов көшесіндегі алаңға да кешенді абаттандыру жұмысы жүргізілді. Төсемтас төселіп, балалар және спорт алаңдары, уоркаут, адамдар тынығатын көлеңкелі орындар жасалған. Дегенмен бұл жерге баскетбол алаңы сыймай қалған.
Дүкенұлы көшесіндегі алаңға келгенде Астана қаласы мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова осы ауданның әкімдігі өкілдеріне: «Неге халықтың ұсынысымен 70 ауланы абаттандыруға ұсыныс беріліп, 15-і ғана өткен?» - деген сауал қойды. Ал әкімдіктің айтуынша, олар жұмыстың санынан гөрі сапасына мән беруде.
Бөгенбай батыр көшесі бойындағы алаңда да 165 шаршы метрдей баскетбол ойнайтын орын бар.
-Бұрын бұл жерлер қара жер болды. Ағаштар көп еді, бірақ соларды алып тастағасын жарық көбейді. Балаларымыз күнде осы жерге келіп ойнайды, - деді аудан тұрғыны Ақмарал Әбішова.
Ал дәл қазір Бөгенбай батыр 59-да қаптап өсіп кеткен шөптер алынып, жаяу жүргінші жүретін алаң құрылысы жасалуда.
«Жеңіс» даңғылы бойындағы алаң аумағының кеңдігімен көзге түсті. Депутаттардың айтуынша, бұл жердегі үйлер - Кеңес үкіметі кезінде салынған, өткен ғасырдың 50,60,70 жылдарындағы жобалар. Ал үй араларында кең кеңістіктің болуы құрылыс нормаларының дұрыс сақталғандығынан болып отыр. Қазір нүктелі құрылыстардың қаптап кетуіне байланысты көп жерлерде мұндай кең алаңдар жоқ. Жоба авторы Айжан Бекбаеваның айтуынша, бұл алаңды абаттандыру ісі толықтай аяқталуға жақын. Жақын күндері жарықтандыру жұмысының жүргізілуі күтіліп отыр.
-Бүгін үшінші күн, аудандардағы алаңдарды қарап бітірдік. Біз, бюджет комиссиясының өкілдері, бес ауданның да аулаға бөлінген ақшасының тиімді қолданылуын қарап жатырмыз. Сарыарқа ауданында 27 ауланы абаттандыру жұмысын бір фирма қолға алды. Жоспар бойынша Конституция күніне қарай бітіреді деп ойлаймыз. Бұл аудандар, байқап отырсаңыз, жаңаша технологиямен жасалып жатыр. Қайта-қайта қопарып жүрмес үшін аулалардың астын тасжол, оның үстіне жабынды төселуде. Енді біздің көңілімізге қонбай тұрғаны – қаражаттың шетелге кетіп жатқаны. Балалар ойнайтын нысандардың барлығы шетелден әкелінуде. Мұны зерделеп, қазір біз өз ұсыныстарымызды береміз. Мұндай нысандарды Қазақстанның фирмаларында жасату арқылы өзіміздің өндірісімізді көтеруіміз керек, - деді Астана қаласы мәслихаты депутаты Кендебай Адамбеков.
Депутат аулада отырған зейнеткерлермен де сөйлесіп, пікір, ұсыныстарын тыңдады. Осы жердің тұрғыны Нұрбағила Байбекова аулада ересектерге бір сәт көлеңкеде тынығып отыратын шатырлы орындар жетіспейтінін айтты.
Депутаттар келесі кезекте «Агрогородок» тұрғын үй алабындағы жаяу жүргіншілер алаңын көрді.
-Мына алаңда бұрын күл-қоқыс жиналып жатқан жер еді. Қазір қандай тамаша етіп қойған?! Орындықтар, гүлзарлар... Бірақ біз алаңға бас-көз болатын иесінің болуы керек екенін тапсырып отырмыз. Өйткені отырғызылған ағаштардың біршамасы қурап қалған. Ал адамдар алаңдардың игілігін көп жыл көруі үшін бұл жер қараусыз қалмауы керек, - деді Астана қаласы мәслихаты депутаты Бауыржан Смайылов.
Депутаттар алаңдар мен қоғамдық орындарды аралау жұмыстарын Көктал тұрғын үй алабында аяқтады.
Айта кетейік, бұл алаңдар мен қоғамдық орындардың көбінің әзірге техникалық ашылуы ғана болды. Сондықтан, біразында әлі құрылыс жұмыстары жалғасуда. Әкімдік пен құрылысшылардың айтуынша, аулалардың ресми ашылуы жұмыстар толық аяқталған соң, бір айдан кейін болады деп күтілуде.