Сарыарқа ауданында 17 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді
Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Аудан әкімінің айтуынша, биыл 40 аулада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 175 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Келесі жылы 100-ден астам ауланы абаттандыру жоспарланып отыр.
Осы жылы ауданда жалпы 6 қоғамдық кеңістік абаттандырылса, оның екеуі Көктал-1 және Агрогородок тұрғын алаптарда орналасқан. Бөгенбай батыр даңғылында жатақхана бұзылып, сол жерге қоғамдық кеңістік абаттандырылған.
Аудан аумағында 70 саябақ, қоғамдық орындар және «Көктал» саябағы бар. Биыл абаттандыру аясында 16 мыңнан астам жасыл желек отырғызылған. 2024 жылы 3 мыңнан астам ағаш, 1 мың шаршы метр көпжылдық өсімдіктер егуді, сондай-ақ қолданыстағы 5 қоғамдық бақта жергілікті суару жүйесін дамыту жоспарлануда.
Ауданда барлығы 330 көше мен орам болса, оның ішінде 300 көше жарықтандырылған. 297 көшеге жарық диоды орнатылған. Биыл жарықтандыру болмаған 17 көшеде жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілген. Келесі жылы қуаттылығын арттыра отырып, трансформаторлық қосалқы стансаларды күрделі жөндеуден өткізуді, аспалы кабель желілерін алып тастау және ескі тозығы жеткен көшелерді жарықтандыру бағандарын ауыстыруды, сондай-ақ көшелердің 13 бөлігін жарықтандыруды әкімдік жоспарға енгізіп отыр.
Сарыарқа ауданында 191 нысан сәндік жарықтандырумен жабдықталған. Қазіргі уақытта Желтоқсан көшесі, 1 және Жеңіс даңғылы, 1 мекенжайлары бойынша сәндік жарықтандыруды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы 50 нысанға сәндік жарықтандыруды қалпына келтіру жоспарлануда.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдігі халықпен тығыз байланыс орнатып, мәселелерді шешудің тиімді әрі қолайлы арналарын дамытып жатқанын атап өткім келеді. Әкімдік алаңында «Ашық әкімдік» жұмыс істейді, мұнда әрбір тұрғын өз сұрақтарын қоя алады. Сонымен қатар аптасына екі рет жеке қабылдау жүргіземін, - дейді аудан әкімі Б.Ералы.