Отан қорғаушылар күні еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адамдарға арналады - Жеңіс Қасымбек
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қала тұрғындары мен соғыс ардагерлерін және тыл еңбеккерлерін Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Құрметті елорда тұрғындары, соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері!
Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтаймын! Бұл күндері біз Отанымызды қан майданда қорғап, қасық қаны қалғанша соғысқан батырларымыздың және қазіргі заманда қорғап жүрген жауынгерлеріміздің ерлігі мен адалдығын еске аламыз және құрметтейміз.
Жеңіс күні – мызғымас күш пен теңдесі жоқ рухтың символы. Бұл күн Ұлы Отан соғысындағы жеңістің қандай ауыр жолмен, тауқыметпен келгенін, осы жолда қаншама адамның құрбан болғанын еске салады.
Отан қорғаушылар күні шекарамызды күзететін, еліміздің қауіпсіздігі мен бейбіт өмірін қамтамасыз ететін адамдарға арналады. Ел тыныштығының батыр ұландары, қызметтеріңізге және бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қосқан өлшеусіз үлестеріңізге мың алғыс!
Сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен ардагерлерімізге, бүгінде Отанымызға қызмет етіп, тыныштығын күзетіп жүрген әрбір адамға алғысымыз шексіз.
Сіздерге және жақындарыңызға амандық, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!, - деп жазылған елорда әкімінің құттықтауында.