Қосшыдағы полиция бөлімінде «Тергеушінің көмекшісі» пилоттық жобасы іске қосылды


Қосшы қаласының полиция бөлімінде «Тергеушінің көмекшісі» пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында ішкі істер органдарының күнделікті қызметіне заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу жұмыстары жалғасуда. Аталған жоба сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізілімін жаңғыртуды және қылмыстық істерді тергеу процесінде цифрлық мүмкіндіктерді пайдалануды көздейді. Жобаның мақсаты – тергеушілердің күнделікті жұмысын автоматтандыру, зияткерлік қолдау көрсету арқылы тергеудің тиімділігі мен жеделдігін арттыру.
14 шілде күні Қосшы қаласының полиция бөлімінде ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен жобаның ресми таныстырылымы өтті. Ақпараттық жүйені әзірлеушілер жоба аясында іске асырылатын мүмкіндіктер мен күтілетін нәтижелер жайында жан-жақты баяндап берді. Жасанды интеллектке негізделген «Тергеушінің көмекшісі» бірнеше модульден тұрады. Олардың қатарында:
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын автоматты түрде өңдеу;
- Қылмыстық құқық бұзушылықтың біліктілігін анықтау;
- Қылмыстық іс қатысушылары арасындағы өзара байланысты визуалды түрде көрсету;
- Тергеу жоспарының жобасын әзірлеу.
Цифрлық технологиялар тергеу кезінде алынған көрсеткіштерді автоматты түрде тіркеуге, түрлі тұлғалардың жауаптарын салыстыруға және сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба аясында іс жүргізу құжаттарын автоматты түрде жасау, деректерді талдау және болжау мүмкіндіктері қарастырылған. Жобаның тағы бір жаңалығы – жауап алу кезінде жазылған аудио және бейнематериалдарды мәтін түріне ауыстыру функциясы. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл жүйе дербес деректердің қорғалуын және құпиялылықты толық қамтамасыз етеді. Таныстырылым барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов аталған технологияны өңірдегі қылмыстық ахуалды талдау, патрульдік жасақтарды үйлестіру және құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету мақсатында пайдалануды ұсынды. Жобаны әзірлеушілер жүйенің әлі де жетілдіріліп жатқанын және ішкі істер органдары тарапынан айтылатын барлық ұсыныстардың ескерілетінін атап өтті.