«Музей, кинотеатр, балалар аймағы»: EXPO шары қалай өзгереді?


Sxodim.astana Instagram парақшасында бұған дейін Nur Alem павильоны қызметін атқарған EXPO шары қызметі өзгеретініне қатысты ақпарат тарады. Министрлік шардың ішінде кинотеатр, ойын алаңы мен іс-шараларға арналған орын болатынын растады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«EXPO-дағы «Нұр Әлем» павильоны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді.
«Бүгінде EXPO аумағын инновациялық орталыққа айналдыру көзделіп отыр. Қазіргі уақытта бұл жерде Цифрлық даму министрлігі, Astana Hub, NIT, Astana IT University және «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істеп жатыр. Ал шардың ішінде Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Қазір павильон ішінде қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішіндегі барлық экспонаттар шығарылған. Жаңартылған нысан 8 қабаттан тұрады. Онда музей, кинотеатр, балалар аймағы, жасанды интеллект тақырыбындағы көрмелер мен іс-шараларға арналған алаңдар болады. Орталықтың жаңадан ашылуы қазан айына жоспарланған», - делінген жазбада.