00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Менің итім әйелдерді жақсы көрмейтін - елордалық кинолог

Менің итім әйелдерді жақсы көрмейтін - елордалық кинолог
фото: Оңалхан Өнерхан/Elorda.info

Иттің иіс сезу және есту қабілеттері адамға қарағанда жоғары. Сол себепті төбеттердің қылмысты ашуда пайдасы орасан зор. Жеті қазынаның бірі саналатын итті қызметте жолдасына айналдырған елордалық Нариза Мекебаева кинология саласында 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Қазақстан Полициясы күніне орай Elorda.info тілшісі  білікті кинолог маманмен кездесіп, мамандықтың қызығы мен қиындығы туралы біліп қайтты.

Төрт аяқтының тілін тауып, онымен жұмыс жасау қызық. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде адам қолынан келмейтін қарекетті иттердің көмегімен жүзеге асырып жатқанын көріп және естіп жүрміз. Біз кездескен кинолог маман Нариза Мекебаева бұл қызметте 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бастапқыда американдық кокер спаниелі тұқымын қолға үйреткен кинолог қазір бельгиялық  овчаркамен бірге жұмыс істейді. Мұндай иттер дүниежүзі бойынша, әсіресе Еуропа елдері арасында үздік деп танылған. 

DSC00644.JPG

Заңгер мамандығы бойынша білім алған кинолог алғашқы жылдары елімізде өткен оқу-жаттығуларға қатысқан. Ішкі істер министрлігіне қарасты Алматы қаласындағы кинология орталығында алғашқы иті Даянамен жарылғыш заттарды іздеу бойынша біліктілігін арттырған. Кейін Альф атты итімен есірткі заттарын іздеу жұмыстарына қатысқан. Эля есімді иті де есірткі іздеуге көмектескен. 

Қазір менің қызметтегі серігімнің лақап аты – Кесс. Иісшіл итті 2015 жылы Австралияға оқуға барғанда өзіммен бірге алып келген едім. Сол кезде 10 айлық болған Кесспен бірге  үш ай бойы жаттықтық. Жарылғыш заттарды іздеуге үйреттім. Оқу аяқталған соң итті сатып алдық, осылайша бельгиялық овчарка Қазақстанға келді. Австралиядағы жетекшіміз бізбен бірге келіп, кинологтарға арнап оқу ұйымдастырды. Кейін барлығымыз оқу бітіргені  туралы сертификат алдық,- дейді Нариза Мекебаева. 

DSC00914.JPG

Кинологтың итпен байланыс орната білуі маңызды. Бұл іске көбіне мінезі сабырлы иттер таңдалынып алынады. Қызметтік иттер күшік кезінде әкелінеді. Кейіпкеріміздің сөзінше, оқу-жаттығу жұмыстары кезінде күшіктің жүріс-тұрысы, мінез-құлқы бірден назарға алынады екен. 

Иісшіл иттер төзімді әрі жас болу керек. Австралияға барған кезде менің алдымда біздің орталықта болмаған бильгиялық овчарканы қолға үйретіп, елге алып елу міндеті тұрды. Себебі, біз бұл иттің қызметті қалай атқаратынын көрдік. Итті таңдауда оның тұқымы да маңызды. Кинологияда иттер әр бағыт бойынша таңдалады. Олардың дене пішіні мен салмағы да қызмет барысында ескеріледі. Бастысы иісшіл ит сабырлы болуы қажет. Біздің бірінші мақсатымыз іздеуге берілген затты табу болса, екіншіден қызмет барысында иттің адамдарға тиіспеуін, ғимарат немесе көлік ішін бүлдіріп кетпеуін қадағалауымыз керек,- дейді кинолог Нариза Мекебаева. 

DSC00533.JPG

Атап айтқанда жануарлар есірткі іздеу, жарылғыш зат іздеу, із кесу бойынша жұмыс істеу, одорология бағыттарында пайдаланылады. Аталғандардың ішінде ең негізгі бағыт – із кесу бойынша жұмыс істеу. Яғни ұрлық, тонау, адам өлтіру сынды қылмыстардың бетін ашуға көмектеседі. Орталықтағы ветеринар дәрігерлер әрқашан иттердің денсаулығын тексеріп отырады. Бұйрық бойынша бір ит 10 жылға дейін қызмет ете алады.

Иісшіл иттердің де адам сияқты аурулары бар. Олардың буын-сүйектері ауырып, көзі нашар көріп немесе иіс сезу қабілеті төмендейді. Егер кинолог иттің жағдайы әлсіреп, жұмыста белсенділігі төмендегенін байқаса, бірден дәрігерге көрсетеді. Қабылданған бұйрық бойынша бір ит 8-10 жыл аралығында қызметте болады. Кейде денсаулығына байланысты ертерек есептен шығарылады. Ол кезде иісшіл иттердің арғы тағдыры әр кезде әрқалай болып жатады,- дейді кинолог. 

DSC00580.JPG

Кейіпкеріміз белсенді әрі мінезді иттерді жақсы көреді екен. Қазір қызметтегі досы Кесспен бірге тіл табысу оңай болмаған көрінеді. 

Алғашқы итім - Даяна өте сабырлы болды. Ал Альф өте мінезді әрі әйелдерді жақсы көрмейтін. Әрқашан маған ырылдап, тіпті қолыма секіріп, тырнаған кездері болды. Ал Эля сабырлы ит еді. Ал Кееспен ұзақ уақыттан кейін ғана тіл табыстық деп айтуға болады. Мінезін қатты көрсетеді. Кинологияда әрқашан итті жаттықтыру  керек. Бұл өмір бойына жалғасатын жұмыс. Оны қызметке жібермей тұрып, орталық алаңында серуенге шығарамыз. Себебі қамауда болғандықтан далаға шығып, жүгіруді аңсайды. Өзіміздің жеке құрамда дайындық жоспары бар. Сол реттілікпен күнде жаттығу алаңында жаттығамыз. Одан бөлек қалалық іс-шараларға барамыз,- дейді маман. 

DSC00676.JPG

Жұмыс барысымен бөліскен кинолог көп жағдайда «жарылғаш зат қойылды» деген жалған ақпарат келетінін айтады. 

Әрқашан шақыртуға ұқыптылықпен дайындаламыз. Қазір жалған шақыртулар көбейді. Мысалы, «мектепке жарылғыш зат» қойылды дегенді естиміз. Оқиға орнына барған кезде дереу жұмыс жоспары құрылып, іздеуге кірісеміз. Кейде нақты сөмкені іздейміз немесе ғимараттың ішін түгел тексеріп шығамыз. Кесспен қанша рет шақыртуға барғанымыз санау мүмкін емес. Бірақ жарылғыш затқа қатысты бір оқиға есімде. Көпшілік «Арман шағын ауданы» деп атап кеткен жақта бәзбіреулер адам отырған көлікті жарып жіберген еді. Сол кезде иттің көмегі көп тиді. Одан бөлек ҰБТ, мәдениет және спорт шараларына барамыз. Адам көп жүретін жерде қауіпсіздікке жауап береміз. Шара басталмай тұрып орынды тексеріп шығамыз. Президент қатысуымен өтетін шараларда да басқа қызмет өкілдерімен бірге жұмыс істейміз,- дейді Нариза Мекебаева. 

DSC00799.JPG

Кинологтар иісшіл иттерге жақсы жұмыс нәтижесін көрсеткені үшін тәтті беріп жатады. Ал Нариза Мекебаева бұл әдісті қолданбайды. 

Орталықта иттердің уақытылы тамақ ішуі мен тазалағына жауап беретін адам бар. Бірақ кинологтар өз итін қадағалап жүруі керек. Оның таза жүргенін қадағалап, физикалық шымыр болуы үшін күн сайын итпен алаңда жаттығады. Иттер күніне екі рет құрғақ тамақ жейді. Олардың өз тамақ ішу нормасы бар, артық мөлшерде бермейміз. Ал тәттіге келетін болсақ, мен олай жасамаймын. Керісінше, осындай шерту құралын пайдаланамын. 

DSC00484.JPG

DSC00520.JPG

Ит жаттығуды дұрыс істеген сайын осыны басамын. Бұл дыбыс «Жақсы көрсеткіш» деген мағына береді. Одан бөлек осындай екі ойыншық бар. Бұл қарапайым заттар болғанымен итті төзімділікке, кинологтың сөзін тыңдауға үйретеді. Кесс ойыншықтарды тістегенді ұнатады, бірақ қанша жерден ызаланып тұрса да менің бұйрығымсыз ойыншыққа тиіспейді. Осылай мен оның ерік-күшін тәрбиелеп, тәртіпке үйретемін,- дейді Нариза Мекебаева. 

DSC00368.JPG

DSC00885.JPG

Кейіпкеріміз үйінде ит ұстамайды. Бірақ қызметте иісшіл итің қатал тәртіпке үйретіп алған. Оған сұхбат барысында көзіміз жетті. Мамандықтың жаманы жоқ, дегенмен жақсы маман иесі болу үшін икемділік қажет. Көп елене бермейтін, бірақ дүйім жұрттың тыныштығы үшін итті баптап, баулып, қарайтын із кесушілердің еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ