Мәслихат депутаттары ерекше балаларды мерекемен құттықтады
Бұл жөнінде Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жаңа жыл қарсаңындағы игі дәстүр бойынша әріптестерімізбен бірге Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілерін құттықтадық. Орталық тәрбиеленушілеріне арнап ертегіге толы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, тәттілер мен ойыншықтар дайындалды», - деп жазды Е.Каналимов.
Оның айтуынша, бұл орталық бүгінде 3 жастан 18 жасқа дейінгі және одан үлкен жастағы адамдарға стационарлық және жартылай стационарлық бөлімшелерде тұруға жағдай жасайды. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетуге бағытталған арнайы бағдарлама әзірленген.
Сонымен қатар мәслихат депутаттары Астана қаласының №2 және №3 арнайы мектептерінің оқушыларын құттықтады.
«Бұл білім беру мекемелері бай тарихқа ие және ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға даму мүмкіндігін ұсына отырып, маңызды миссияны жүзеге асырып келеді. Арнайы мектептердің тарихы 1974 жылдан басталады. Ол кезде қаланың батыс бөлігінде №2 мектеп-интернаты, ал Пригородный елді мекенінде №1 мектеп-интернаты жұмыс істеген. 2002 жылы бұл білім беру мекемесі түзету мектебі ретінде қайта аталды.
Қазіргі таңда №3 арнайы мектепте 409 бала білім алуда, оның 293-і мектепке келіп оқиды, ал 116 бала үйден білім алады. №2 арнайы мектепте 321 оқушы оқиды, оның 203-і сабақтарға қатысады, ал 118 бала үйден оқиды. Өткен жылы депутаттық корпуспен бірлесе отырып, бұл мектептерге барып, олардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға қолдау көрсеттік. Бүгін балаларға бос қолмен келмей, жаңа жылдық сыйлықтар мен теледидарларды сыйға тарттық»,- деп жазды Ерлан Каналимов.