Астанада «Үздік жас отбасы» байқауының іріктеу кезеңі өтіп жатыр

Астанада «Үздік жас отбасы» байқауының іріктеу кезеңі өтіп жатыр
Астана қаласы әкімдігі

Бүгін Астана қаласында жас отбасылар арасындағы «Үздік жас отбасы» қалалық байқауының алғашқы кезеңі өтіп жатыр. Интеллектуалдық сайыс Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Байқауды Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырып отыр. Басқарма өкілдері шара отбасы институтын нығайту, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтады.

«Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында бүгін елордадағы жас отбасылар арасында Отбасы күні мерекесіне орай «Үздік жас отбасы» байқауының алғашқы іріктеу кезеңі – зияткерлік сайыс бастау алды.

“Үздік жас отбасы” конкурсына жасы 35 жастан аспаған астаналық ерлі-зайыпты қатыса алады.

Сайысқа қатысуға 54 өтінім келіп түсті. Елордамыздың белсенді Үздік жас отбасысын бірге анықтайтын боламыз”, - дейді Астана қаласы Жастар басқармасының бас маманы Балжан Қолғанат.

Оның айтуынша, алғашқы турда елордалық жас отбасылар өздерінің білімін, эрудициясын және ұжымдық рухын зияткерлік тапсырмалар арқылы көрсетеді. Оның нәтижесінде үздік шыққан қатысушылар 22 қыркүйекте өтетін финалға жолдама алып, «Үздік жас отбасы» атағы үшін бақ сынайды.