Елордалық тұрғын полицейлерге алғыс айтты
Астана қаласы полицейлерінің атына адал атқарған қызметі, қылмыстарды ашқаны, құқық бұзушылықтардың жолын кескені үшін күнделікті алғыс хаттар келіп түседі. Кезекті алғыс хат Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы М.Төлебаевтың атына келіп түскен, деп хабарлады Elorda.info.
Қала тұрғыны Байқоңыр ауданы полиция басқармасы қызметкерлеріне, атап айтқанда анықтау бөлімі бастығының орынбасары Жемісбек Әділбековке, АБ аға анықтаушысы Әйгерім Көмекбаеваға және КПБ жедел уәкілі Мирас Жолдасбекке 18 жастағы ұлының ұялы телефонын тартып алып, оның атынан несие рәсімдеген қылмыскерлерді анықтау барысында көрсеткен кәсібилігі, жауаптылығы, сондай-ақ белсенділігі үшін алғыс білдірді.
Менің жазған арызымның негізінде қылмыстық істі сапалы зерделеп, күдіктілерді анықтап, келтірілген шығынның толығымен қайтарылуына атсалысқандары үшін алғысым шексіз! – деді қала тұрғыны.
Астана қаласының Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына сақ болуға кеңес береді. Ұрлық немесе тонау болған жағдайда дереу полицияға «102» телефоны арқылы хабарласу қажеттігін ескертеді.