Елордалық полицейлер скутер ұрлаған азаматты ұстады
Астаналық тәртіп сақшылары өзі сатып жіберген скутерді ұрлаған кеткен жас жігітті ұстады, деп хабарлады Elorda.info.
Елорда тұрғыны аулада тұрған скутерінің ұрланғанын айтып, полициядан көмек сұраған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «Сарыарқа» ауданы полиция бөлімі қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен 19 жастағы қала тұрғынын анықтады.
«Тергеу барысында жігіттің кешкі уақытта Күмісбеков көшесінде аулада кетіп бара жатып, өзінің бірнеше ай бұрын сатып жіберген бұрынғы скутерін байқағаны белгілі болды. Қылмыстық пиғылмен көлікке келіп, жан-жағында ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, ол «ZHWEKI» маркалы скутерді сүйреп алып кеткен. Келтірілген материалдық шығын 400 мың теңгеге бағаланды», - деп көрсетті Астана қаласы ПД.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жігіт мойындау көрсетпелерін берді, скутер тәркіленді. Оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.