00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астаналық дәрігерлер жүкті әйелге күрделі ота жасады

Астаналық дәрігерлер жүкті әйелге күрделі ота жасады
Фото: дереккөз

Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері жүкті әйелді жарылу қаупі бар аневризмадан құтқарды, деп хабарлады, Elorda.info

 Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалына сілтеме жасап мәлімдеді.

24 жастағы Алматы қаласының тұрғынын осы жылдың ақпан айынан бас ауруы мазалай бастаған. Бір айдан кейін тіпті көру қабілеті нашарлап, оң қабағының төмен түскенін байқайды. Сөйтіп, ол медициналық көмек алу үшін офтальмолог пен неврологқа жүгінген.

Бас ауруы күшейе бастаған соң миды МРТ-дан өткізу ұсынылды. МРТ-да мидың оң жағындағы артқы артериясының үлкен аневризмасы анықталды, көлемі ұлғайғандықтан жанындағы жүйке құрылымдарын қысып, кез келген уақытта жарылып кету қаупі болды. Бұл реттегі жағдайдың күрделілігі, жүктіліктің 20-аптасында екеніне қарамастан нейрохирургиялық ота жасау бойынша шұғыл түрде шешім қабылдау қажет болды.

Алматы және Астана қалалары нейрохирургтарының бірлескен талқылауынан кейін санитариялық авиация желісі бойынша пациент одан әрі жедел емдеу үшін Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізілді.

Орталығыққа жатқызған кезде науқасты Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының анестезиологтары мен акушер-гинекологтары да тексеруге дайын болды. Хирургиялық араласу мен аталған аурудың қауіптілігіне қарамастан ота жасау және жүктілікті сақтап қалу туралы шешім қабылданды.

Қуаныштысы, ота сәтті өтті, кез келген сәтте жарылуы мүмкін «бомба» залалсыздандырылды. Нейрохирургтар жүргізілген жұмыстың нәтижесі ойдағыдай екендігін айтуда.

Отадан кейін, науқасқа қосымша зерттеулер жүргізген акушер-гинекологтар қайта қарап, тексеруден өткізді. Жатырдағы шарана мен жүктілік барысында ешқандай патологиялар анықталған жоқ. Қазір болашақ ананың денсаулығы жақсы және үйіне шығуға дайындалып жатыр. Ми тамырларының аневризмасына ота жасау мамандардың жоғары біліктілігін және заманауи медициналық жабдықты қажет ететін ең күрделі хирургиялық араласулардың бірі болып саналады. Отаны Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Махамбетов пен нейрохирург дәрігер Нұртай Нұрақай жүргізді.