Елордалық жарақат пунктіне күніне 80-нен астам науқас жүгінеді
Қыста ауа райына байланысты көктайғақтан бала түгілі ересектердің жарақаттанып қалу қаупі жоғары. Мұндай кезде науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсету маңызды. Елордада ересектер мен балаларға көмек көрсететін 5 жарақат пункті жұмыс істейді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Олардың бірі - Академик Н.Ж. Бәтпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында орналасқан жарақат пункті. Тәулік бойы жұмыс істейтін пунктке бір жылда шамамен 30 мыңнан астам адам жүгінеді.
Жарақат пунктінің травматолог-ортопед дәрігері Анарбек Әбуовтің айтуынша, науқас өзі жүгінген жағдайда ғана тұрғылықты мекен жайына қарамастан, оған шұғыл медициналық көмек көрсетіледі.
«Бұл жарақат пункті «Алматы» және «Байқоңыр» ауданы тұрғындарына арналған. Дегенмен егер науқас өзі жүгінсе, онда біз оны қабылдап, дереу медициналық көмек көрсетеміз. Өзім осы жарақат пунктінде 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Басты мақсатымыз - шұғыл медициналық көмек көрсету. Бізге күніне 80-100 науқас жүгінеді. Кейде науқастардың саны 120-ға дейін артады. Байқағанымыздай, жарақат пунктіне жыл бойы адамдар жүгінеді. Дегенмен жазда, яғни құрылыс жұмыстары басталған уақытта және қыста ауа райына байланысты науқастар көп түседі», - дейді Анарбек Әбуов.
Пунктке келген науқастың алдымен жалпы жағдайы мен алған жарақаты тексеріледі. Диагнозды нақтылау үшін қосымша зерттеулер тағайындалады. Қажет болған жағдайда науқасты профильді стационарға жібереді.
«Науқас түскен кезде ең алдымен тіркеуден өтіп, әрі қарай жарақат алған жері тексеріледі. Біздің дәрігерлер жұмсақ тіндердің инфекцияланбаған жараларын, қол-аяқтың, кеуде қуысының және омыртқаның соққылары, буын байламдарының созылуы, аяқ-қол және саусақ буындарының шығуы болған жағдайда көмек көрсетеді. Сонымен қатар жабық сүйек сынулары, қабырғалардың бірлі-жарым сынуы кезінде көмектеседі. Бізде сүйек сынықтарын орнына келтіру мүмкіндігі бар. Бірақ жарақат пунктінде тек алғашқы көмек көрсету кезінде қарастырылған оталар жасалады», - дейді дәрігер.
Анарбек Әбуовтің сөзінше, науқастарға жарақатына байланысты реабилитация бойынша кеңестер мен ұсыныстар беріледі. Дегенмен дәрігер жарақат алудан сақтану қажет екенін айтады.
«Науқастардың көпшілігі қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, жарақат алып жатады. Мысалы, қазір ауа райына байланысты алдын ала келетін хабарламалар бар. Сол ескертулерге назар аударған абзал. Сонымен қатар үй жағдайында қарапайым қауіпсіздік талаптарын ұстану керек. Өндіріс орындарында да еңбек қауіпсіздігіне назар аудару қажет», - дейді травматолог дәрігер.
Айта кетейік, елордада ересек адамдар мына жарақат пунктерінде қабылданады:
* Р. Қошқарбаев даңғылы, 66 (№1 көпсалалы қалалық аурухана);
* Ә. Молдағұлова көшесі, 28 (№3 көпсалалы қалалық аурухана).
* Абылай хан даңғылы, 15 (Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы).
Ал балалар жарақат пункттері келесі мекен жайлар бойынша жұмыс істейді:
* Р. Қошқарбаев даңғылы, 64 (№2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы);
* Желтоқсан көшесі, 34 (№2 қалалық емхана).