Елордалық волонтерлер зейнеткерлерге көмектесуді жалғастырып жатыр


Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және «Жақсылық марафоны» аясында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері елорданың «Сарыарқа» ауданында тұратын жалғызбасты зейнеткердің үйінің ауласын қардан тазартты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астаналық волонтерлер әр апта сайын зейнеткерлердің үйіне барып, қар тазалау жұмыстарына атсалысып жүр.
«Мұндай қамқорлық пен қолдау зейнеткерлер үшін маңызды деп ойлаймын. Қарт адамдардың алғысын алу – біз үшін ең үлкен мотивация. Волонтерлік қызмет – тек қар тазалау ғана емес, сонымен қатар қамқорлық пен қолдауды қажет ететін жандарға жылулық сыйлауға мүмкіндік береді», – дейді «Астана жастары» волонтері Индира Маремова.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл бастама тек қарттардың тұрмыстық мәселелерін шешіп қана қоймай, қоғамда жанашырлық пен өзара көмек мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Астанада қар күреу жұмысы тоқтаусыз жүргізіледі. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.



