Елордада жас сарбаздар ант қабылдады
Елордада жас сарбаздар ант қабылдады, деп хабарлады Elorda.info.
Әскери бөлім аумағында Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан келген 130-дан астам жауынгер сап түзеді. Бұл рәсімді тамашалауға сарбаздардың ата-аналары мен бауырлары және туыстары жиналды.
Салтанатты жиында Мемлекеттік туды көтеру құқығына оқу пунктінің ең үздік сарбазы қатардағы жауынгер Нартай Мұздыбаев ие болды.
Әнұран орындалғаннан кейін жас жауынгер курсынан өткен сарбаздар Отан алдында адал қызмет етуге ант етті.
Осыдан соң құттықтау сөз 6636 әскери бөлімінің командирі полковник Ерлан Боранбаевқа берілді.
Сарбаздарымыздың ант қабылдайтын күні біз үшін мерекемен пара-пар. Сендер алғаш рет әскери ант қабылдап отырсыңдар. Бұл сәт сендердің
естеріңде мәңгі сақталады. Әр азамат еліміздің Конституциясын және оның
талаптарын есте сақтауы керек. Қазақстанды қорғау – сендердің қасиетті
борыштарың. Сондықтан әскери қызметтеріңді абыроймен атқаруларыңа
тілектеспін. Сендердей азаматтарды тәрбиелеген ата-аналарыңа алғысым зор, – деді полковник Ерлан Кәрімжанұлы.
Ал жауынгерлер арасынан қатардағы Әділ Қайсанов лебіз білдірді.
Бүгін егемен еліміздің болашағы үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін әскери ант қабылдадық. Біз рухты және қайсар жауынгер болуға сөз бердік. Ұлттық ұлан сапында қызмет ету – біз үшін мәртебе, ал ата-аналарымыз үшін үлкен қуаныш, - деді қатардағы Әділ Қайсанов.
Сарбаздар ата-аналарының алдында жекпе-жек ұрыс тәсілдерінің қимыл-қозғалысын көрсетті. Әсіресе, Ұлттық ұлан құрмет қарауыл ротасының өнері көптің көңілінен шықты.