Елордада «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық шарасы басталды
Астанада «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық рейдтер басталды. Сарыарқа аудандық полиция басқармасы, Білім басқармасының қызметкерлері, прокуратура мен аудандық әкімдіктің өкілдері кіретін мобильдік топ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белсенді тексеріс жүргізуде, деп хабарлады Elorda.info.
Түн ортасында өткізілген кезекті рейд барысында Есіл өзенінің жағалауы, компьютерлік клубтар мен жақын маңдағы аулалар тексерілді. Тексеріс барысында полиция пунктіне түнгі 23.00-ден кейін заңды өкілдерінсіз көшеде жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдер жеткізілді.
Балалармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, ата-аналарға ескерту жасалды. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл салынады.
Жазғы мектеп демалысы кезінде полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларына бақылауды күшейтуді, олардың түнгі серуендеуін болдырмауды, балаларды суға түсуге қараусыз жібермеуді және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.