Елордада Республика күніне орай ғылыми-практикалық конференция өтті
Елордадағы Достық үйінде «Республика күні – Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы» тақырыбында Республика күніне арналған ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Қайта жаңғырған Республика күнінің маңыздылығы жайында өткен конференцияға Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, мемлекеттік органдардың, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының, қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиын басында Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов жиналған қауымды алдағы Ұлттық мерекемен құттықтап, этномәдени бірлестіктердің ынтымағының маңыздылығына тоқталды.
Бүгінде түрлі ұлт өкілдері қазақ халқын туғанындай көреді. Олар осында өздерінің ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сақтап қалуға мүмкіндік алды. Халықтар арасындағы бейбітшілік өте маңызды екені белгілі. Осымен екінші жыл жаңа мазмұнда атап өтілетін Республика күнінде халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім одан сайын арта түседі. Қайта жаңғырған ұлттық мереке халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Ұлттық тіліміз, дініміз, рәміздеріміз арқылы азаттығымыз бен қазақтығымыз айқындалды. Мұның бәрі берекелі бірлік пен еңселі еңбектің арқасында десек артық айтқанымыз емес. Еліміздің еңсесі биік, абыройы асқақ болсын,- деді басқарма басшысы.
Конференция барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Тілеген Садықов өз баяндама жасады.
Қазір біз тәуелсіз ел болғаннан кейін Ұлттық мәртебесі берілген мерекелер көп. Соның ішінде жаңадан жаңғырып, қоғамымызға қайтадан еніп жатқан мереке - 25 қазан Республика күні. 1990 жылы егемендік туралы декларация қабылданып, тәуелсіз мемлекет қалыптасуының алғашқы қадамы, бастау жолы қаланды. Декларация ерекшелігі мемлекеттің әлеуметтік негізін анықтауда таптық тіл табысудан бас тартуында болды. Республика территориясында тұратын азаматтарға, олардың ұлттық және партиялық айырмашылықтарына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, діні мен жынысына, мекен жайына, кәсіп түріне қарамастан, КСРО Конституциясы мен Қазақ КСР Конституциясында қарастырылған барлық құқықтар мен еркіндіктер кепілдендірілді. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат. Сондықтан, осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ,- деді Тілеген Садықов.
Жиын барысында конференция тақырыбына байланысты Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Президент жанындағы Академияның мемлекеттік басқару институтының директоры Зулфухар Ғайыпов өз ойын ортаға салды. Оның сөзінше, кезінде қабылданған Егемендік декларациясының арқасында бүгінде ішкі ұлтаралық қатынас тұрақты дамып отыр.
Бүгінгі өтіп жатқан шара өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені араға 13 жыл салып Республика күні осымен екінші рет тойланып жатыр. Осы жылдардың ішінде еліміз көп жетістікке жетті. Әлем мойындаған бейбіт мемлекетке айналдық. Ішкі ұлтаралық қатынастың тұрақтылығы да кезінде қабылданған декларацияның әлеуеті деп білеміз. Сондықтан да біз бұл мерекені «Тәуелсіздіктің жаршысы» деп атаймыз,- деді Зулфухар Ғайыпов.
Сондай-ақ конференция барысында Тарих ғылымдарының докторы Алима Ауанасова, Астана ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Татьяна Брынза, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті Гүлнар Каженова Республика күніне орай өз баяндамаларын ұсынды.