Астанада есірткі заттарын жарнамалайтын жазбалар өшірілді
Бүгін Алматы ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу іс-шарасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Рейдтік іс-шараны Алматы ауданы әкімдігі, прокуратурасы және полиция басқармасы ұйымдастырды. «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты волонтерлер де көмекке келді.
«Бүгінгі іс-шараның нақты бағыты - наркотикалық және синтетикалық заттардың жарнамасын жою. Яғни, аудандағы үйлер мен мекемелердің қабырғаларына, тротуарлар мен жолға жазылған, наркотикалық және синтетикалық заттардың жарнамасы болуы мүмкін түрлі граффити, QR-кодтар, жазбалар, суреттер өшірілді. Әр нүктелерге барып, суреттер мен жазбаларды өшіруге бізге волонтерлер де қол ұшын беруде. Қазіргі кезде жазбалар мен суреттердің полиция анықтаған 15-ке жуық түрі белгілі. Бұндай белгісі бар граффити, QR-кодтарды бірден өшіреміз. Сондай-ақ басқа да сызбаларды тазалаймыз, өйткені бұл вандализмге жатады», - деді Алматы ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбын Айдынұлы.
Оның айтуынша, аталған іс-шараға халықпен кездесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу де кіреді. Сонымен қатар, WhatsApp, Telegram тағы да басқа чаттарда түрлі видеоролик, буклеттер таратылады.
Аталған іс-шара елорданың барлық аудандарында ұйымдастырылады.