Елордада "Өмір аллеясында" ағаш отырғызу акциясы өтті
Бүгін елордада алғаш рет Донорлық және ағзаларды трансплантациялау күніне орай ағаш отырғызу акциясы өтті. Осындай маңызды іс-шара Президенттік саябақта орналасқан «Өмір аллеясында» ұйымдастырылды, деп хабарлады Elorda.info.
ҚР ДСМ Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру республикалық орталығының баспасөз хатшысы Марлан Есілбаевтың айтуынша, іс-шара барлық донорлардың ерлігі мен мейірімділігіне ризашылық белгісі іспеттес. Сондай-ақ қоғамда адам өмірін сақтап қалу үшін аса қажетті ағза донорлығы мен трансплантациялауға дұрыс көзқарасты қалыптастыруға әрі қаланың экологиялық жүйесін жақсартуға үлес қосуға бағытталған.
«Бұл күн еуропалық ағза донорлығы және трансплантация күніне қарай орайластырылды және біздің елде алғаш рет өткізіліп отыр. Қазақстанда мұндай атаулы күн жоқ, бірақ бұл ресми түрде күнтізбеге ензігілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл күнді біз елімізде донорлық пен трансплантацияны дамыту жөніндегі ақпараттық жұмысқа арнар едік. Мұндай іс - шараларды жыл сайын өткізу жоспарлануда», - деді «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнібек Оспанов.
Акцияға Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестірудің республикалық орталығының қызметкерлері, «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігі, науқастар, олардың туыстары және бұл іске бей-жай қарай алмайтын барлық азаматтар қатысты.
Айта кетейік, бұл игі іске Алматы ауданының әкімдігі ағаш көшеттері мен қажетті құрал-жабдықтармен көмектесті.