Елордада Маңғыстау күйлерінің кеші өтті
Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» атты күй кеші өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Кеште Әзірбай Өскінбаев бастаған өңірдің танымал жыршы-термешілері мен күйшілері өнер көрсетіп, аталмыш университет ұстазы Жұмабек Қадырқұловтың «Маңғыстаудың 100 күйі» хрестоматиясының және Сұлтанбек Құдайберген мен Ақылбек Тасқараұлының «Маңғыстаудың дәстүрлі жыршылық орындаушылық үлгісін оқыту әдістемесі» оқу-әдістемелік құралының тұсауы кесілді.
«Мақамы мәшһүр Маңғыстау» жобасымен өнерпаздарымыз бұған дейін Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдеріне барып, «Қырымның қырық батыры» жырын жырлап, күй өнерін дәріптеді. Негізгі мақсатымыз осы жырды ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар қатарына енгізу, - дейді Әбілқайыр Байпақов.
«Мақамы мәшһүр Маңғыстау» жобасының идея авторы, көрнекті ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Светқали Нұржанның айтуынша, Маңғыстауды мекен еткен жеті жұрттың бүкіл үні мен мұңы домбыра мен қобызда сақталған. Және бұл жобаның «Мұң қиянның мың күйі» аталатын екінші атауы бар көрінеді.
Айта кетейік, келушілерге керемет көңіл-күй сыйлаған әдеби-сазды кеш «Маңғыстаудан мың сәлем – Алаш төрі» атты Астана қаласындағы Маңғыстау обысының күндері аясында өтті.