Елордада «Мәншүк» музыкалық драмасы сахналады

21 мамыр, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада «Мәншүк» музыкалық драмасы сахналады

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры 2025 жылдың 23 мамыр күні сағат 19:00-де М.Қожахметова мен А.Молдағалиевтің «МӘНШҮК» атты музыкалық драма жанрындағы қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Миллиондардың шаңырағын шайқаған, ошағын  өшірген соғыс адамзат баласына қасірет пен  қайғы әкелді. Ананы жесір,баланы жетім еткен оқ пен өрттің арасында қалған тағдыр сансыз. Сексенінші жылын тойлаған Ұлы Жеңіс- зұлымдық пен жауыздықтың жеңілісі.

«Мәншүк» музыкалық драмасы – қызыл өрт ішіндегі қызғалдақ, он тоғыз жасар пулеметші қазақ қызы Мәншүк Маметованың есімін ардақтауға, ерлігін дәріптеуге арналған.

Мәншүктің (Мәнсия) туған әкесі Жәңсікәлі, анасы Тойылшада. Ағалары Нағи, Қадыр. Қазақы дәстүрмен Мәншүкті Ахмет, Әмина Мәметовтер бауырына басқан. Жұртына танылмал дәрігер Ахмет – алғашқы қазақ Үкіметінің негізін қалауға ат салысқан өз заманының қайраткері. Мәншүкті тәрбиелеген анасы Әмина – әйгілі Әбілқайыр ханның ұрпағы, Сүлеймен қажының тұяғы.

Тектілердің тәрбиесін бойына сіңірген Мәншүк өжет, бірбеткей болып бой жетеді. 

Қайсар қыз, әкесі Ахметтің өмір жолын ту еткен. Әке жолымен білім алған, дәрігерлік мамандықты таңдаған. Жанынан артық жақсы көрген әкесін «халық жауы» деген жала жас қыздың намысын оятқан.

Репрессия құрбаны, 1937 жылы атылған әкесі Ахмет Мәмбетовтің елеулі есімін, адал атын ақтау  үшін қан майданға өз еркімен аттанады.

1942 жылы Мәншүк Мәметова  100-атқыштар бригадасының құрамында болады.

1943 жылы 15 қазанда Невель қаласы үшін болған шешуші ұрыста соңғы  демі таусылғанша пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза табады.

«Мәншүк» музыкалық драмасы - халық трагедиясы, қазақ қасіреті, сұм соғыстың ұрпақ санасынан ешқашан өшпейтінінің көрінісі.