Елордада коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
26 желтоқсанда таңертең қала көшелерін қардан тазартуға 2 300-ден астам жол жұмысшысы мен 1 300-ге жуық арнайы техника шықты, деп хабарлады Elorda.info.
Жауын-шашын көп жауатын уақытта елорданың коммуналдық қызметі күшейтілген режимдегі жұмыс тәртібіне көшеді.
Бірінші кезекте қоғамдық көліктің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін негізгі магистральдар қардан тазартылады. Одан әрі қозғалыс қарқыны орташа – алаңдар, вокзал маңы мен тратуарлар қардан тазартылады.
Жауын-шашын басталғалы елорда полигонына 600 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 45 мың рейсті құрады.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Астанада 26 желтоқсанда боран, көктайғақ болады және желдің екпіні 28 м/с жетеді.
Елорда қонақтары мен тұрғындарын жолда абай болуға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз, - делінген қала әкімдігінің хабарламасында.