Елордада өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы басталады

25 тамыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
views58
Елордада өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы басталады
фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордада өңірлік тауар өндірушілердің қатысуымен жыл сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері басталады. Жәрмеңкелер 26 қазанға дейін әр сенбі және жексенбі күндері өткізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Алғашқы жәрмеңке 30 тамыз күні өтеді. Онда Түркістан облысының шаруалары өз өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынады. Іс-шара барысында ет, балық, сүт, бакалея өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек сынды әртүрлі тауарлар фермерлерден тікелей сатылымға шығарылады. Бұл азық-түлік қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өндірушілерді қолдауға да ықпал етеді.

«Түркістан облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері Астанаға 600 тоннадан астам өнім әкеледі. Оның ішінде: 200 тонна көкөніс, 100 тонна ет пен ет өнімдері, 100 тонна сүт өнімдері, 80 тонна бақша дақылдары, 50 тонна жеміс-жидек, 19 тонна балық, 12 мың дана жұмыртқа және 60 тоннадан астам басқа да азық-түлік өнімдері бар. Жәрмеңке аясында концерттік бағдарлама да ұйымдастырылады»,- делінген хабарламада.

Айта кету керек, биыл жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1) өтеді. Тұрғындар мен қонақтардың қолайлы келіп-кетуі үшін жәрмеңке күндері №18, 37 және 303 бағыттағы автобустар қатынайды.

Ауыл шаруашылық жәрмеңкесі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.