00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада инклюзивті орта қалыптастыруға сарапшылар дайындалады

Елордада инклюзивті орта қалыптастыруға сарапшылар дайындалады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада ерекше жандарға қолайлы инклюзивті және әлеуметтік орта қалыптастыру бойынша пилоттық дәрістер басталды. Бүгін аталмыш бастама негізінде AMANAT партиясында «Инклюзивті қалалық және әлеуметтік орта» қайырымдылық жобасы аясында Ұлттық стандартты қолдану тақырыбында сарапшыларды оқыту семинары өтті, деп хабарлады Elorda.info.

«Кедергісіз Келешек» партиялық жобасын орындау негізінде ұйымдастырылған оқыту семинары «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен өтті. Оған әкімшілік аппаратының барлық саласындағы қызметкерлер қатысты.

«Инклюзивті қоғамды дамытудың Еуразиялық қауымдастығы» ЗТБ жетекшісі Вячеслав Пактың сөзінше, қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруы еш қиындық туғызбауы керек.

Халықтың тиісті тобына орналасқан мекені мен қызмет алатын жері арасында жүріп-тұруы еш қиындық туғызбауға тиіс. Осы орайда қажетті жағдай қалыптастырылып, нұсқаулықтар мұқтаж жанның қасынан табылып, басшылар мен мамандар дер кезінде көмек көрсетуге, ахуалды лайықты бағалауға әзір болуы керек. Бұл мақсатта арнайы Ұлттық стандарт қабылданды. Аталған құжаттың қағаз жүзінде қалмай, іске асырылуына қолдау көрсеткен бас демеуші - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына алғысымыз шексіз. Бәріміз бірлесе отырып, мүгедектігі бар, қимыл-қозғалысы аз адамдардың өмір сүру сапасын жақсартып, көкжиегін кеңейте аламыз, - дейді Вячеслав Пак.

Қауымдастық төрағасы өз сөзінде, елордада инклюзивті орта қалыптастыруға 100 сарапшы дайындалатынын атап өтті.

Мамыр айының соңына дейін жалғасатын семинарларда ҚР Үкіметі, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы, Астана қаласы мен аудандарының әкімдіктері қызметкерлері, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері мүгедектігі бар адамдармен тілдесу әдебі, қалалық орта мен мекемелердің қолжетімділігі, ұжымдық психология сияқты бағыттарда кешенді білім алып, кем дегенде 100 сарапшы дайындалады,- дейді ол.  

Сонымен қатар, Астанада алдағы уақытта іске қосылатын оқу-әдістеме орталығы, ондағы диспетчерлік қызмет барлық қажетті жұмысты үйлестіреді. Ерекше жандар мен олардың отбасыларына 3 инклюзивті туристік бағдар қарастырылып, нысандардың қолжетімділігін бағалайтын 90 нұсқаушы-сарапшы еңбекпен қамтылады.

Оқу жиынында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта құру мәселелері, қызмет көрсету кезінде мүгедектігі бар адамдарға ситуациялық көмек көрсету, қарым-қатынас этикасы, мүгедектігі бар адамдар сапарларда пайдаланатын жабдық және инфрақұрылым нысандарында көмек көрсету тақырыптары талқыланды.

Біздің бірінші мақсатымыз еліміздің әрбір қаласында инклюзивті ортаны құру, яғни мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әр ғимаратқа кіріп-шығуы қолжетімді болу керек. Мен өзім ерекше жан ретінде осы мәселе бойынша біраз қиындық көрдім деп айта аламын. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандар банкке, халыққа қызмет көрсету орталығына немесе өзге де қоғамдық орындарға барған жағдайда көмектесетін адамдар болмай қалады. Осындай мүмкіндік жасау үшін Ұлттық стандарты қолдану тәжірибесі түсіндірілуде,- дейді жоба амбассадоры Серік Жүзбай.

Сарапшының айтуынша, аталмыш стандарт инфрақұрылымның жекелеген элементтерін бейімдеуге ғана емес, объектілер мен қызметтердің барынша қолжетімділігі үшін ақылға қонымды құрылғыларды пайдалануға да назар аудара отырып, инновациялық тәсілді енгізеді. Ал семинарда талқыланған сұрақтар стандартты қолдану саласында білім алуға және дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, елордада 33 305 мүгедектігі бар адам тіркелсе, егде жастағы қариялар, балалар, жүкті әйелдер, еңбекке уақытша жарамсыз азаматтар сынды жүрісі-тұрысы аз топтар 400 мыңнан асады.