Елордада бейбіт атомды пайдалану тақырыбында ашық пікірталас өтті
AMANAT партиясының ғимаратында еліміздегі бейбіт атомды пайдалану тақырыбына арналған ашық пікірталас өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Жастар рухы» жастар қанаты бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға ғалымдар мен белсенді жастар қатысты.
Ашық пікірталасты Астана қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының Астана қаласы бойынша төрағасы Арсланбек Мағзұм ашып, қатысушыларды таныстырды.
Сарапшылар қуат көзіне деген сұраныстың күн санап артып бара жатқанын тілге тиек етіп, аталған қажеттіліктерді қанағаттандыруға қабілетті ең тұрақты және экологиялық таза бірден-бір энергия көзі атом энергетикасы екенін баса айтты.
«Атом энергетикасын дамыту энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды. Бүгінгі таңда елімізде ең жоғары жүктеме кезінде белгілі бір тапшылық бар. Сондықтан біз дәстүрлі энергия көздеріне балама көзін қарастырып отырмыз. Бұл - жалғыз экологиялық таза негізгі энергия көзі. Қазір бүкіл әлем атом энергетикасын дамытуға ұмтылып отыр және оны дамытып жатыр. Бүгінгі таңда халықаралық алаңда атом энергетикасын 3 есе ұлғайту мәселесі көтерілуде», - деді ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Ғұмар Серғазин.
Министрлік өкілі реакторлардың Балқашқа зияны тимейтініне сендірді. Оның айтуынша, АЭС-ті салуда осы саладағы төрт көшбасшы мемлекеттің бірі таңдалмақ. Егер алдағы референдумда оң шешім қабылданса, келісімшарттар жасалып, дайындық жұмыстары басталып кетеді. Дайындық жұмыстарына 3-4 жылдай жұмсалса, АЭС-тің құрылысына 5-6 жыл кетеді. Ал 10-11 жылдан соң айтулы энергия көзін пайдалануға беруге болады.
Айта кетейік, елімізде 2 реактор салу жоспарланып отыр.
«Ұлттық ядролық орталық» РМК Астана филиалының директоры Майра Мұқышеваның айтуынша, әлемнің дамыған озық елдері атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды жеделдетуде. Ал, Ұлттық ядролық орталықтың негізгі құзыреттерінің бірі - атом энергетикасының қауіпсіздігіне қатысты тың зерттеулер жасау.
«ҰЯО ғалымдары жүргізген зерттеулер нәтижелері ядролық технологиялардың ірі өндірушілерінде үлкен сұранысқа ие. Мысалы, CORMIT жобасы аясында алынған ғылыми деректер Жапониядағы жұмыс істеп тұрған атом электр станцияларында белсенді аймақтың арнайы балқыту тұзақтарын салу кезінде сәтті іске асты. Айта кетсек, Ядролық орталық IV буын реакторларының қауіпсіздігі саласында – жақын болашақта атом энергетикасының негізіне айналатын сұйық металмен салқындатылған жылдам нейтрондардағы реакторлардың үлкен көлемін анықтауда ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр», - деді М.Мұқышева.
Сондай-ақ, ол атом энергетикасының қуатын медицинада қолдану айтарлықтай жетістік әкеліп отырғанын айтты. Мәселен, обыр ауруларын емдеуде септігін тигізіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, өндіріс пен ауыл шаруашылығында да кеңінен пайдаланылмақ.
Аталған іс-шарада жастарды толғандырған негізгі сұрақтың бірі – «Атом электр станцияларын салу және пайдалану үшін еліміздегі мамандардың тәжірибесі жеткілікті ме?» деген сауал. «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябеков бұл жөнінде алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтты. Өйткені Қазақстанның бұл салада өте үлкен ғылыми және кадрлық әлеуеті бар.
«Ұлттық ядролық орталық және кәсіби ортада көпке жақсы таныс Ядролық физика институты табысты жұмыс істейді. Ал оның айналасында ғылыми зертханалар мен зерттеу орталықтары шоғырланған. Атом саласы үшін мамандарды төрт жетекші қазақстандық жоғары оқу орны дайындайды. Сонымен қатар, 2010 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы мен бөлшектерінің физикасы», «Техникалық физика» (Атом электр станциялары мен қондырғылары), «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша мамандар даярланды», – деп жауап берді жастардың сұрағына «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябеков.
Кездесу барысында жас ғалымдар ядролық физика саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен таныстырып қана қоймай, еліміздегі атом энергетикасын дамытуға бағытталған өз идеяларымен және тың жобаларымен де бөлісті. Бұл тақырыпта Ядролық физика институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Дмитрий Шлимас сөйледі.
Сондай-ақ іс-шара барасында жастар қауіпсіздік мәселелері, ядролық қалдықтарды және қолданылатын реакторлық технологиялар сынды сауалдарына тұщымды жауап алды.