Елордада қар күреуге 2 300-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды
Астананы қардан тазарту бойынша тәулік бойы үздіксіз жұмыс жалғасуда. 14 қаңтарда күндізгі ауысымда қар тазалау жұмыстарына 2 300-ге жуық жол жұмысшысы мен 1 300-ден астам арнайы техника шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
13 қаңтардан 14 қаңтарға қараған түні қаладан 2 458 ауыр жүк рейсімен 33 мың текше метрге жуық қар шығарылды.
Қыс мезгілі басталғалы қаладан 3 093 354 текше метрден астам қар шамамен 245 132 ауыр жүк рейсімен шығарылды.
Ең алдымен, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Айта кетейік, қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.