Елордада алғаш рет «Тәлімгерлер кеңесі» құрылды
Елорда әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен алғаш рет «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының бірінші отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Алғаш құрылған кеңестің құрамында кәсіби тәжірибесі бар мемлекеттік қызмет ардагерлері бар. Олар басшы лауазымына тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге кәсіби дағдыларды дамытуға және ұжым арасындағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Кеңес төрағасы Әли Көмекбаевтың сөзінше, мемлекеттік қызметтегі мәселенің көбі екі тараптың тіл табыса алмауынан туындайды екен.
Біздің мақсатымыз - қаламыздағы мемлекеттік қызметте жүрген жас басшыларға ақыл-кеңес айту. Департаментке тұрғындар тарапынан шағымдар түседі ғой. Байқағанымыз, олардың көбі екі адамның тіл табыспағанынан туындайды. Мәселе солай ушығып кетеді. Алайда бұл жас басшыны жауапкершілікке тарту емес, керісінше, оларға жұмыс барасында туындайтын жағдайларды шешуге көмектесеміз, - дейді «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органның төрағасы Әли Көмекбаев.
Отырыста қалалық Мәдениет басқармасы мен Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшыларының атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы есебі тыңдалды.