00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Ел рәміздері – еркіндік нышаны»: Елордада патриоттық-танымдық кездесу өтті

1 желтоқсан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Ел рәміздері – еркіндік нышаны»: Елордада патриоттық-танымдық кездесу өтті
Фото: Elordainfo.kz

Астана қаласы әкімдігінің Сервис және туризм колледжінде «Ел рәміздері – еркіндік нышаны» деген тақырыппен патриоттық-танымдық кездесу өтті, деп хабарлады Elorda.info

Ұлттық патриотизмді дәріптеуді, жастарды отаншылдық сезімге құлшындыруды, жас ұрпақтың мемлекеттік рәміздерге деген сүйініш сезімін арттыруды мұрат еткен жиынға мәртебелі мейман ретінде Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, танымал сәулетші, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Барыс» орденінің иегері Жандарбек Мәлібекұлы, «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы, журналист-публицист, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеуші Төлен Тілеубай қатысты. 

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Геральдикалық зерттеулер орталығының қызметкерлері мен колледждің басшылығы бірлесіп өткізген кездесуде «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері – Мадияр Шакиев, Айнұр Шідербаевалар да қатысты. 

Колледждің коворкинг-орталығындағы жүздесуде Жандарбек Мәлібекұлы колледж директоры Салтанат Басығараеваға өз қаржысына шығарған Елтаңба төс белгісі мен «Қазақстан Елтаңбасы» атты кітабын тапсырды. Одан кейін өз өмірі мен шығармашылығы, Елтаңбаның жасалуы мен Парламентте қабылдануы туралы қызықты дәйек-деректермен, тарихи оқиғалармен айшықталған әңгімесін өрбітті. Әйгілі сәулетші Елтаңбаның өзінде ұлттық құндылықтарымыз қалай топтастырылғанын, олардың қандай мағына беретінін әрі қызықты, әрі әзілді рәуішпен жастарға жеткізді.

Жүздесуде бір студент Жандарбек Мәлібекұлына: «Сіз сәулетші, әрі Елтаңбаның авторы болмасаңыз, кім болар едіңіз?» деген қызықты сұрақ қойып еді, мәртебелі мейман оған былай жауап берді: 

Сәулетші болмасам, суретші я болмаса құрылысшы болар едім. Тағдыр маған қазақтың Елтаңбасының авторы болуды маңдайыма жазыпты. Бұл – зор бақыт. Мен әлемдегі көптеген елдердің елтаңбасын зерттеп, зерделеп, ешбір ұлттың елтаңбасына ұқсамайтын, қазақтың бар болмыс-бітімін, салт-дәстүрін айшықтап тұратын нұсқасын жасадым. Елтаңба – біздің идеологиялық картамыз. Онда тарихи жолымыз, сыйластық мектебіміз, ұлттық құндылықтарымыздың бәрі көрініс тапқан. 

Елтаңбаның негізгі идеясының алтын тірегі – шаңырақ. Киiз үй осыдан 4 500 жыл бұрын Моңғолия жерінде пайда болды. Киiз үй – қазақ үшiн баспана ғана емес, үлкен пәлсапалық нысан, терең дүниетанымдық көрсеткiш. Ол бүкiл қазақ халқының болмыс-бiтiмiн, салт-санасын, дәстүр-дағдысын көрсететiн фактор. Қазақтың «шаңырағың биiк болсын, керегең кең болсын, босағаң берiк болсын» деп тiлек айтатыны – соның белгiсi. Киелі қара шаңырақпен қатар ел мен жерді қорғаушы ерге қанат болған тұлпар, тосылғанда жол көрсеткен темірқазық жұлдыз бейнеленген. Жақсылып қарасақ, Елтаңбада бәріміз бармыз, - деп әңгімесін түйіндеді Ж. Мәлібекұлы. 

Төлен Тілеубай Отанды сүю, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу әр үйдегі, қоғамдағы тәрбиеден бастау алатынына тоқталды. 

Әр бала отбасында не көрсе, өскенде соны іздейді. Демек қаршадайынан баланың рухани әлеміне отансүйгіштік дәнін егуіміз керек» дей келе жас ұрпақты елсүйермендік сезімге баулуда көк байрағымызды, елтаңбамыз бен әнұранымызды қалай насихаттаудың жолдарын айтты. Рәміздердің тарихын, мағынасын әр қазақ баласының жетік білуі, қоғамда насихатталуына әр адамның үлес қосуы қажеттігін тілге тиек етті. Ол қазақтың көрнекті ақыны, Қазақ елінің мемлекеттік әнұранының авторы – Жұмекен Нәжімеденовтің 21 жасында жазған «Менің Қазақстаным» деген өлеңі қалай әнұранымызға айналғанының тарихын тыңдаушы қауымға әсерлі етіп әңгімелеп берді. Сондай-ақ, журналист ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шығарған «Тәуелсіздік – тұмарым» атты кітабын колледж кітапханасына сыйға тартты.

Патриоттық-танымдық жүздесудің соңында Геральдикалық зерттеулер орталығының мемлекеттік рәміздерді насихаттау бөлімінің мамандары колледждің үздік студенттерінің кеудесіне көк байрағымыз бейнеленген төсбелгі тақты. Одан кейін жиылған жұрт хормен «Атамекен» әнін әуелетті.